Криптовалюта мен дәстүрлі қаржы арасындағы шекара жойылуы мүмкін – Binance Kazakhstan

10 Қыркүйек 2026, 12:20
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков 10 Қыркүйек 2026, 12:20
10 Қыркүйек 2026, 12:20
98
Фото: ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Алдағы бес жылда дәстүрлі қаржы мен цифрлық активтер арасындағы шекара іс жүзінде жойылуы мүмкін. Мұндай болжамды Astana Finance Days 2026 аясында Binance Kazakhstan бас менеджері Нұрхат Күшімов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде дәстүрлі қаржы институттары мен цифрлық активтер индустриясы бір-біріне жақындай бастаған.

«Менің ойымша, бес жылдан кейін цифрлық активтер, орталықтандырылмаған қаржы (DeFi) және дәстүрлі қаржы (TradFi) арасында айқын шекара болмайды. Олар бірігеді. Дәстүрлі қаржы институттары нарықтағы қазіргі орнын пайдалана отырып, жаңа бизнес-стратегиялар мен технологияларды өз қызметіне бейімдеуі мүмкін», – деді Күшімов.

Ол мысал ретінде Binance-тің дамуын атады.

«Біз тек криптобизнеспен айналысатын криптобиржа едік. Бірақ былтырдан бастап бағытымызды аздап өзгертіп, дәстүрлі қаржы саласына бет бұрдық, брокерлік қызметпен айналыса бастадық. Қазір америкалық акцияларды сатып алуға болады. Алдағы уақытта географиясы кеңейіп, түрлі бағалы қағаздарға қолжетімділік ашылады деп ойлаймын», – деді ол.

Күшімов инвесторлардың мінез-құлқы да өзгеріп жатқанына назар аударды.

«Көп адам инвестициялауды криптовалютадан бастайды. Алдымен осы салаға келіп, криптоактивтермен жұмыс істеуге дағдыланған соң бағалы қағаздар нарығына өтеді. Пайдаланушылардың мінез-құлқы айтарлықтай өзгеріп жатыр. Жаңа буын өзгеше, біртіндеп бәрі соған бейімделіп келеді», – деді Binance Kazakhstan басшысы.

Ол цифрлық активтердің төлем саласындағы әлеуетіне де тоқталды. Оның айтуынша, дәстүрлі халықаралық ақша аударымдары бірнеше күнге созылып, комиссия алынуы мүмкін. Ал жаңа технологиялар операцияларды едәуір жылдамдатуға мүмкіндік береді.

Күшімовтің пікірінше, нарықтың одан әрі дамуы токенизацияны енгізумен, тәулік бойы үздіксіз сауда жасау мүмкіндігінің кеңеюімен және дәстүрлі қаржы мен цифрлық қаржының одан әрі жақындасуымен қатар жүреді.

Еске салайық, бұған дейін Астанада Astana Finance Days 2026 форумының екінші күні басталды

Наверх