Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ІІМ Жедел криминалистика депаратаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Ержан Танкеев Тәуелсіздік жылдарында жедел криминалистика бөліністерінің қол жеткізген жетістіктері жайында әңгімелеп берді.
Қазақстандағы криминалистика тарихы
Ержан Танкеев 30 жылда отандық криминалистика қалай дамығаны, саланың жетістіктері мен жаңалықтары туралы мәлімет берді.
Криминалистика саласы – ішкі істер жүйесінде ойып алар орны бар қызмет. Қылмыстардың алдын алу, оларды болдырмау, жолын кесу және тергеп-тексеру барысында осы қызметтің алар орны ерекше.
Әрбір оқиғаның орнына шығу маман-криминалистің қатысуымен басталады. Қылмыстың барлық мән-жайын анықтау үшін маман-криминалистер оқиға орындарын қарап-тексеруге жедел-тергеу тобының құрамында шығып, қылмыскер қалдырған іздерді табуды, бекітуді, алуды, криминалистикалық зерттеулер жүргізуді және криминалистикалық есептер бойынша тексеруді жүзеге асырады. Қазірде қылмыстық істерді жүргізудің электрон форматын енгізуге, істерді тергеп-тексеруді оңтайландыруға байланысты криминалистикалық зерттеулерді жүргізумен байланысты жүктеме артты, сәйкесінше, олардың сапасына, толықтығы мен дұрыстығына қатысты криминалистердің жауапкершілігі де ұлғайды, - деді ол.
Маманның сөзінше, жұмыстарды сапалы атқаруда маманның жауапкершілігімен бірге материалдық-техникалық жабдықтаудың да мықты болуы қажет. Осы орайда жедел-криминалистикалық бөліністер қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілді және жаңа модельдегі құрал-жабдықтарға уақтылы тапсырыс та жасалып отырады.
Жалпы Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңінде жедел-криминалистикалық қызмет елеулі өзгерістерге ұшырады. «Сот сараптамасы туралы» 1997 жылғы 12 қарашадағы заңға сәйкес ішкі істер органдарынан 400 бірліктен тұратын штат саны, сараптамалық-зерттеу техникалары Әділет министрлігіне сараптама жүргізу функциясымен бірге берілді. Жаңа сот-сараптамалық органының қалыптасуы кезеңінде ІІО криминалистері криминалистикалық зерттеулер жүргізді және ІІМ мен Әділет министрліктері арасында бірлескен бұйрықпен бекітілген сот сарапшыларының тізіліміне енгізілді, - деп айтты Ержан Танкеев.
Оның айтуынша, қызмет сотқа дейінгі өндірісті техникалық-криминалистикалық қамтамасыз етуді, криминалистикалық есептерді қалыптастыруды жүзеге асырады. Дегенмен сараптамалық функцияның болмауына байланысты заттай дәлелдемелерді зерттеумен байланысты емес есеп түрлерін (фотобейнелер есебі, қол таңбалары есебі және т.б.) дамытуға ғана қол жеткізді.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының, Үкіметтің және Бас прокуратураның қолдауымен 2012 жылы заңнамалық деңгейде ІІО криминалистикалық қызметті іске асыру бағытында құзыреті кеңейтілді. Сөйтіп, ҚПК-де ІІО уәкілетті бөліністерінің мамандарына дәлелдемелер тізбесіне енген қорытындыны бере отырып, салыстырмалы зерттеу жүргізу құқығын беру бөлігінде өзгерістер енгізілді.
Бұл қылмыстарды сапалы, уақтылы тергеп-тексеру барысына, оның ішінде сотқа дейінгі өндірісті жеңілдетілген нысанда жүргізуге оң әсерін тигізді және криминалистикалық есептер жүйесін дамытуға жаңа қарқын берді.
Тәуелсіздік алған жылдары ІІМ қол және аяқ киім іздерінің, көлік құралдарының, бұзу құралдары іздерінің, қылмыс орындарынан алынған, криминалдық қарудан атылған оқтар мен гильзалар іздерінің, субъективті портрет есептерін қалыптастыруға, портреттік, ДНҚ, одорологиялық және психофизиологиялық зерттеулерді жүргізуге арналған аппараттық кешендерді сатып алынғанын айта кеткім келеді. Сонымен бірге жедел-криминалистикалық бөліністерге жылжымалы криминалистикалық зертханалар, оқиға орнын үш өлшемді модельдеу кешені, автоматтандырылған ақпараттық-іздеу бағдарламалық қамтамасыз ету бар криминалистің жұмыс орындары, автоматтандырылған баллистикалық іздеу кешені, шапшаңдықты өлшейтін оқ ұстағыштар және басқа да техника алынды, - деп түсіндірді ол.
Криминалист сөз барысында ДНҚ зертханасына тоқталып өтті.
Зертхана қысқа мерзімде зерттеулерді, әсіресе тергеп-тексеру 10 күндік мерзімде аяқталуы тиіс болған жағдайда жеңілдетілген сотқа дейінгі өндіріс бойынша істерді жүргізуге мүмкіндік береді. Сот сараптамасы орталығында осы зерттеулер 3 айдан 6 айға дейін жүргізіледі. Сондай ақ ІІО-ның мүмкіндіктері арқасында оқиға орнынан алынған іздерді биологиялық зерттеу (ДНҚ) жедел жүргізіледі, қылмыстың мән-жайы, атап айтқанда, кісі өлтірудің нақты орны (қылмыс жасалған орыннан мәйіттің орнын ауыстырғанда), қару саны мен қылмысты жасау тәсілі бойынша кісі өлтірген адамдар саны анықталады, - деп айтты Ержан Танкеев.
ІІМ Орталық аппаратында криминалистикалық зерттеулерді жүргізу құқығын растайтын біліктілік куәлігін бере отырып, мамандарды оқыту тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Оқытуға біздің қызметтің қызметкерлерінен өзге Ресей Федерациясының ІІМ Сараптамалық-криминалистикалық орталықтарының және оқу орындарының тәжірибелі қызметкерлері да тартылатынын атап өтті.
Еліміздің сарапшы-криминалистері Ресей Федерациясының ІІМ оқу орындары базасында (Волгоград, Омск қ.) білім алды. 1993 жылы ІІМ Алматы академиясында сарапшы-криминалистердің алғашқы қатары оқуға қабылданып, 1997 жылы сараптамалық-криминалистикалық мамандандыру бойынша бітіріп шықты. Қазірде осы қызметкердің бірқатары ІІМ орталық аппаратында, аумақтық ПД-да басшы лауазымдарда қызмет атқарып жатыр, - деді ол.
Бүгінгі күні криминалистер ІІМ Қарағанды академиясында дайындалып, жас мамандар «жедел-криминалистикалық қызмет» мамандандыруы бойынша қатарларын толықтыруда.
Криминалистер қанша қылмыс ашты?
2021 жылғы 8 айда ІІО жедел-криминалистикалық бөліністерінің криминалистері 40 мыңнан астам оқиға орнын қарап-тексеруге қатысқан, бұл тіркелген қылмыстардың жалпы санының 53 пайызын құрайтынын атап кеткім келеді. Криминалистикалық есептер бойынша тексерулер нәтижесінде алынған 40%-ы оң қорытынды қылмыстарды ашуға ықпал етті.
Мысалы ретінде айта кетсем, 2021 жылғы 18 маусымда Петропавл қаласында орын алған азазамт Т-ға қатысты жасалған қарақшылық фактісі бойынша, бұл жерде азаматтардың аты-жөндерін шартты түрде айтып отырмын, алынған қол іздерін тексеру нәтижесінде 1980 жылы туылған азамат Ц. анықталды және кейіннен қылмысын мойындады, - деді Ержан Танкеев.
Тағы бір мысал, биыл 15 маусымда белгісіз біреулер азамат Г. пәтеріне кіріп, 450 000 теңге көлемінде ақша ұрлаған. Оқиға орнын қарап-тексеру барысында алынған қол іздері дактилоскопиялық есеп бойынша тексеріліп, бұрын сотталған азамат Ж. анықталды.
Дактилоскопиялық тіркеу
Ержан Танкеев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда дактилоскопиялық тіркеуді 2023 жылға ауыстырды. Осыған байланысты дактилоскопиялық тіркеуге жататын және тіркеу міндеттелмейтін адамдар туралы ақпарат берді.
Осы ақпараттық жүйені қаржыландыруға ақшалай қаржының қысқартылуын және елімізде орын алған ағымдық экономикалық ахуалды ескере отырып, ІІМ мерзімін ауыстыру туралы бастама көтерген болатын.
«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дактилоскопиялық және геномдық тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2016 жылғы 30 желтоқсандағы заңдардың дактилоскопиялық тіркеу бөлігінде жекелеген нормаларын 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатуды көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік фельдъегерлік байланыс және ішкі істер органдары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 29 маусымдағы заңына қол қойылып, 1-бабының 17-тармағында көрсетілді.
Бүгінгі күні ақпараттық жүйені құру бойынша жұмыс жүргізілуде және 2023 жылы дактилоскопиялық тіркеу іске қосылады.
«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заңның 10-бабына сәйкес дактилоскопиялық тіркеуге мыналар жатады: міндетті дактилоскопиялық тіркеуге он алты жасқа толған: бірінші рет ел азаматының паспортын немесе жеке куәлігін алуға, сондай-ақ оны қалпына келтіру, ауыстыру жағдайларында өтініш жасаған ел азаматтары, ҚР теңізшісінің жеке куәлігін беру туралы өздеріне қатысты шешім қабылданған азаматтар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, елде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар. Сонымен қатар бірінші рет шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, босқын куәлігін алуға немесе оны қалпына келтіруге, ауыстыруға өтініш жасаған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, жұмыс беруші – жеке тұлғаларда үй шаруашылығындағы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) мақсатында үй жұмыскерлері ретінде елге келген көшіп келушілер, ел шегінен шығарып жіберуге жататын не ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар және визаларын алу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жатады, - деп түсіндірді ол.12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алу кезінде аталған заңның 11-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен ерікті негізде дактилоскопиялық тіркеуге жатады. Он екі жасқа толмаған балалар дактилоскопиялық тіркеуге жатпайды.
Сондай-ақ дактилоскопиялауға мүмкіндік бермейтін дене кемістіктері бар (екі қолының барлық саусақтарының болмауы немесе екі қолының барлық саусақтарының тырнақ фалангаларында папиллярлық бедерлерінің болмауы) адамдар мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде дактилоскопиялық тіркеуден, дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басын растау рәсімінен өтуден босатылады.
Саусақ ізін тапсырудан бас тартуға бола ма? Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуден бас тартқандарға қандай жаза көзделген?
Саусақ ізін тапсырудан бас тарту «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заңда көзделмеген, ал қандай жағдайда босатылатыны туралы жоғарыда айтып өттік, - деп айтты полиция полковнигі Ержан Танкеев.Ал міндетті дактилоскопиялық және геномдық тіркеуден өтуден бас тартқаны үшін ел азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 443-1-бабы бойынша айлық есептік көрсеткіштің екіден беске дейінгі мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауаптылыққа тартылатын болады.
Сотталған адамдар үшін Қылмыстық-атқару кодексінің 176-бабының 2-1 тармақшасына сәйкес геномдық тіркеуден өтуден жалтарғаны үшін жауаптылық шартты түрде көзделген, онда сотқа пробациялық бақылау мерзімін ұзарту туралы, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге, ал кәмелетке толмаған адамға қатысты алты айдан аспайтын мерзімге ұзарту туралы ұсыным немесе шартты түрде соттаудың күшін жою мүмкіндігі туралы ескерту шығарылады.
Геномдық дерекқор не үшін керек?
Геномдық дерекқор геномдық тіркеуді жүргізу нәтижесінде алынған геномдық ақпараттардан тұрады. Ол біріншіден, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды ашу және тергеп-тексеру, сондай-ақ оларды жасаған адамдарды анықтау және белгілеу үшін, екіншіден, танылмаған мәйіттер бойынша ел азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын анықтау және үшіншіден, іздестіріліп жатқан немесе анықталып жатқан адамдардың туыстық қатынастарын анықтау үшін қажет.
Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының геномдық ақпараты танылмаған мәйіттер бойынша ел азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын анықтау мақсатында пайдаланылады.
Сондай-ақ, дерекқорға есептерде тұрған адамдар, сотталған адамдар, хабарсыз кеткен адамдардың туыстары, танылмаған мәйіттер, биологиялық материалы оқиға орындарын қарап-тексеру барысында алынған анықталмаған адамдар енгізілуде. Қылмыстарды ашуға ықпал еткен жағдайлар бар екніні атап айтқым келеді. Мысалы ретінде, Павлодар облысының ПД-дан генетикалық сәйкестендіру үшін келіп түскен сот молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысының көшірмесі бойынша танылмаған мәйіттің генотипі криминалистикалық геномдық дерекқорда тексеріліп, нәтижесінде дерекқорға енгізілген азаматтың дерегіне сәйкестігі, яғни танылмаған мәйіттің есепте тұрған ер адамның ұлы екені анықталды, - деп тоқталды Ержан Танкеев.