Кредиттік рейтинг – әрбір қазақстандық бақылап отыруы қажет көрсеткіш. Алайда көпшілік оның маңыздылығы мен қажеттілігі туралы ойланбайды, деп хабарлайды BAQ.KZ Tengri Life сайтына сілтеме жасап.
Кредиттік рейтинг дегеніміз не?
Кредиттік рейтинг – қарыз алушының төлем қабілеттілігін көрсететін көрсеткіш. Қазақстанда ол кредиттік бюролардың (мысалы Бірінші кредиттік бюро немесе Мемлекеттік кредиттік бюро) деректері негізінде қалыптасады. Рейтинг неғұрлым жоғары болса, қаржы ұйымдарының қарыз алушыға деген сенімі соғұрлым жоғары болады.
Бірінші кредиттік бюроның жеке тұлғалармен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Индира Карлыбаева кредиттік рейтинг көптеген факторлардан қалыптасатынын атап өтті. Олардың ішінде қаржылық қана емес, әлеуметтік және мінез-құлықтық аспектілер де бар. Ең маңызды факторларға мыналар жатады:
Кредитті өтеу тарихы
Кешіктірулердің болуы және олардың ұзақтығы – кредиттік рейтинг қалыптастырудағы ең маңызды фактор, – деді Индира Карлыбаева.
Кредиттік жүктеме
Кредиттік жүктеме – бұл қарыз алушының барлық қарыздық міндеттемелерінің жиынтығы. Оған белсенді кредиттік келісімшарттар саны мен оларды өтеуге жұмсалатын ай сайынғы төлемдер кіреді.
Кредиттік тарихтың ұзақтығы
Қарыз алушының кредиттік тарихы неғұрлым ұзақ әрі тұрақты болса, қаржы ұйымының оны талдап, төлемеу ықтималдығын бағалауы соғұрлым жеңіл болады, – деді маман.
Сонымен қатар, мыналар да маңызды:
кредиттік тарихтағы өнімдердің әртүрлілігі (қолма-қол кредиттер, тауарға бөліп төлеу, кредиттік карталар, ипотека, автонесиелер және т.б.);
белсенді және жабылған кредиттер саны.
Кредиттік мінез-құлық
Индира Карлыбаева жоғары кредиттік рейтинг қарыздың мақұлдануына кепілдік бермейтінін ескертті.
Егер қарыз алушы өзінің кредиттік тарихын жақсартып, кешіктірілген төлемдерді жапқан болса да, қаржы ұйымы оның кредиттік тарихын зерттеп, бұрынғы мерзімінен кешіктірілген төлемдеріне байланысты тәуекелді жоғары деп санап, кредит беруден бас тартуы мүмкін, – деді ол.
Әрбір кредитордың өз кредит беру саясаты бар. Мысалы, кейбір банктер соңғы үш жылда кешіктірулер болмаған жағдайда ғана кредит береді, ал басқалары екі жылдық мерзімді жеткілікті деп санайды. Ұзақ мерзімді қарыздар, әсіресе ипотека секілді өнімдер үшін қаржы ұйымдары бүкіл кредиттік тарихты қарайды.
Қарыздан бас тарту рейтингке әсер ете ме?
Егер сізге кредит мақұлданып, бірақ кейін оны алудан бас тартсаңыз, бұл кредиттік рейтингке әсер етпейді.
Жоқ, мақұлданған кредиттен немесе кредиттік картадан бас тарту кредиттік рейтингке әсер етпейді, – деп түсіндірді маман.
Қазақстанда кредиттік тарихты қайдан білуге болады?
Egov.kz сайтында көрсетілгендей, бірнеше жолы бар:
- Бірінші кредиттік бюроның сайты немесе 1CB.kz мобильді қосымшасы (ЭЦҚ қажет).
- "Жеке кредиттік есепті алу" онлайн қызметі (өтініш толтырып, ЭЦҚ арқылы қол қою қажет).
Офлайн режимде, жеке куәлікпен:
- "Азаматтарға арналған үкімет" филиалдарында.
- "Қазпошта" бөлімшелерінде.
- Бірінші кредиттік бюро кеңсесінде (Алматы қаласы, Жібек жолы даңғылы, 135, 2-блок, 9-қабат).
Сонымен қатар, алаяқтар сіздің атыңызға кредит рәсімдеп жібермегеніне көз жеткізу үшін кредиттік тарихты ай сайын тексеріп, банктерден кез келген операциялар туралы SMS хабарламаларды қосу ұсынылады.