ҚР ТЖМ-де жедел штаб құрылды

7 Ақпан 2021, 22:11
1048
Бөлісу:
ҚР ТЖМ-де жедел штаб құрылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел өңірлерінде ауа райының нашарлауына байланысты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде жедел штаб жұмыс істей бастады, деп хабарлайды ТЖМ-нің ресми өкілі Талғат Уәли.  

ТЖМ-нің ресми өкілі Талғат Уәли мәлім еткендей, министрліктің Ахуалдық орталығында жедел әрекет ету және ведомствоаралық өзара іс-қимылды ұйымдастыру үшін республикалық жедел штаб құрылды. 

Штаб азаматтық қорғау республикалық қызметтерімен тығыз өзара іс-қимыл орнатты. Барлық жабық жол учаскелерінде постар қойылды. Ол жерлерде Төтенше жағдайлар департаменттері, Полиция департаменттері және жол қызметі жұмыс атқаруда. Автомобиль жолдарына жақын жерлерде жылыту пунктері (дәмхана, қонақүй) дайындалып, іске қосылды. Техниканың жиналуына қарай автоколонналар ПД және жол қызметі қызметкерлерінің ілесуімен кезең-кезеңмен өткізілуде, - деді ол.

Еске салайық, бүгін таңертең Щучинск қаласынан Нұр-Сұлтан қаласы бағытындағы жолда, Нұр-Сұлтан қаласынан Көкшетау, Қостанай бағытына қарай шыға берісте 800-ден астам жеңіл және жүк автомашинасының кептелісі орын алды. 

Кейін ПД және жол қызметі қызметкерлерінің ілесуімен көліктер жолға шықты. Қазіргі уақытта трассада кептеліс жоқ. 

Ауа райының жақсаруына қарай автомобиль жолдарының көрсетілген учаскелерінде қозғалысты шектеуді алып тастау туралы мәселе қаралатын болады. Күрделі метеорологиялық жағдайды ескере отырып, ұзақ сапарлардан бас тартып, ауа райының өзгеруі мен енгізілген шектеулер туралы ақпаратпен танысып отыруға кеңес береміз, - деді ресми өкіл.



Өзгелердің жаңалығы