Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында дрон ұшыруға тыйым салынды

6 Желтоқсан 2021, 15:25
1867
Бөлісу:
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында дрон ұшыруға тыйым салынды

Алматы, BAQ.KZ. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айналасында дрон аппараты арқылы фото, видеоны рұқсатсыз түсіруге тыйым салынды. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы еліміздегі әуе кеңістігінде пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалану қағидаларын бекіту туралы № 706 бұйрығына сәйкес «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағында дрон аппаратын рұқсатсыз ұшыруға тыйым салынды. Бұл шешім халық көп шоғырланатын аймақтың қауіпсіздігі және тарихи ескерткіштерді қорғау мақсатында маңызы зор,-делінген хабарламада.

Пилотсыз ұшу аппаратын күзетілетін объектілердің үстінен ұшыру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік органдарымен және Мемлекеттік күзет қызметімен кемінде 5 жұмыс күні бұрын мақұлдануы тиіс.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорғау аймағы 88,7 гектарды құрайды. Аталған аумаққа Қожа Ахмет Ясауи, Рәбия Сұлтан Бегім кесенелері мен сегіз қырлы сағана, жерасты қылуеті, жұма мешіті, Күлтөбе қалашығы және хан ордасы мен хан мешіті сынды тарихи объектілер кіреді.

Өзгелердің жаңалығы