Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты.
Ішкі нарықты қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында біз осы бағыттағы отандық өнімдерді шығару бойынша өндірістік қуатты ұлғайтуды жалғастырып жатырмыз. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, 6 айға маскаларға деген қажеттілік 111,2 миллион дананы құрайды. Бүгінгі таңда 9 отандық кәсіпорынның қуаттылығы 490 мың дана медициналық маска өндіруге мүмкіндік береді. Өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында ағымдағы жылдың соңына дейін 4 жаңа кәсіпорын ашуды жоспарлап отырмыз. Осы жобаларды іске қосу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайту тәулігіне 1,1 миллион дана маска шығаруға мүмкіндік береді, - деді ол.
Министр көпреттік маскалар өндірісі бойынша, тұтас алғанда халықтың маскаға деген қажеттілігі осы кезеңде 144 миллион дананы құрағанын жеткізді.
Бүгінде барлық маскалардың тәуліктік көлемі 413 мың дана болып отыр. Халықты қажетті маскамен қамтамасыз ету үшін біз тігін кәсіпорындары есебінен көп мәрте қолданылатын алдын алу, қорғау маскаларының өндіріс көлемін тәулігіне 800 мың данаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Медициналық қолғаптарға қажеттілік 83,7 млн жұп қолғапты құрайды. Қазіргі уақытта екі кәсіпорын тәулігіне 330 мың жұп қолғап шығарады. Әрі қарай біз өндіріс көлемін тәулігіне 460 мың жұпқа дейін арттыруды жоспарлап отырмыз, - деді ол.
Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, қорғаныс костюмдері өндірісі көлемін арттыру үшін жыл соңына дейін 3 жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланған.
Қорғаныс костюмдері бойынша 6 айға қорғану костюмдерінің қажеттілігі 1,3 млн дананы құрайды. Өндіріс көлемін арттыру үшін осы жылдың соңына дейін 3 жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Бұл шаралардың барлығы қорғану костюмдерін өндіру көлемін айына 800 мың данаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, - деді ол.
Сонымен қатар, министр өкпені жасанды желдету аппараттарын қосымша шығару мақсатында түрік және қытай серіктестерімен өндірісті игеру жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, 6 айда өкпені жасанды желдету аппараттарына қажеттілік 132 дананы құрайды. "Көкшетау-4П" мобильдік аппараттары "Тыныс" акционерлік қоғамы базасында өндіріледі. Бүгінде 380 бірлік өкпені жасанды желдету аппараты шығарылды. Оның ішінде 164 бірлік жөнелтуге дайын, 216 бірлік зауыт сынақтарынан өтуде. Қалған 200 бірлік осы жылдың шілде айының соңына дейін тапсырылады. Стационарлық аппараттарды қосымша шығару мақсатында түрік және қытай серіктестерімен өндірісті игеру жүргізілуде. "БАРК Технолоджи" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазақстандық жоғары технологиялық жоба әзірлеуде. Осы жылдың шілде айының соңына дейін компания өз әзірлемелерін аяқтайды және ақысыз негізде ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне тестілеу үшін 20 аппарат береді. Қалған 112 бірлік осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында шығарылады. Айта кету керек, «Қазмедқұрылғы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, "ОралМедӨңір" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкпені жасанды желдету аппараттарын шығаруға барлық техникалық базасы бар және олар қажетті өнім шығаруға дайын, - деді министр.