Қостанайда жол бойына жылыну пунктері қойылады

31 Қазан 2020, 20:11
1596
Бөлісу:
Қостанайда жол бойына жылыну пунктері қойылады

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. 1 қарашадан бастап Қостанай облысында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 238 жылыну пункті жұмыс істей бастайды.

Басты мақсат – боран немесе қатты аяз кезінде жолда қалған адамдарға көмектесу.

1 қарашадан бастап Қостанай облысында Азаматтық қорғаныстың барлық жүйесі жоғары дайындық режиміне көшіріледі. Өңір әкімінің қаулысына сәйкес, осы уақыттан бастап халықты қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған іс-шаралар кешені жұмыс істейді. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда 23 жылыну пункті қойылса, тағы 215 пунктті қалалар мен аудандардың әкімдіктері дайындайды.

Біздің Департамент мемлекеттік органдар мен мекемелердің қысқы кезеңдегі қолайсыз жол-климаттық жағдайлар мен қауіпті метеорологиялық құбылыстар қаупі немесе туындауы кезіндегі іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Төтенше жағдайда екі мыңға жуық адам мен алты жүз техника әрекет етеді,- дейді Қостанай облысы ТЖД бастығы Біржан Кәрімов.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының айтуынша, ведомствода зардап шеккендерді іздестірумен, құтқарумен, эвакуациялаумен және шұғыл медициналық көмек көрсетумен айналысатын жедел топтар құрылған. Оның құрамында 256 адам және 61 техника бар.

Кейінгі жайттар халықтың қысқы кезеңнің қауіптілігін ескере бермейтінін көрсетеді. Сондықтан, метеорологиялық жағдай мен ауа райы болжамын күнделікті қарап, жоспарсыз сапарға шықпау керек. Құтқарушылардың ескертпесіне құлақ асудың маңызды екенін тағы бір қадап айтар едім. Қыста автокөлікпен жолға шықсаңыз, құрал-саймандарыңыз түгел болуы тиіс, - деді Біржан Кәрімов.

Өткен қыста ТЖД бөлімшелері жүзден астам құтқару операцияларын жүргізді, оның барысында 708 адам құтқарылған. Қар құрсауынан 197 көлік шығарылды.


Өзгелердің жаңалығы