Алматы, BAQ.KZ. Қостанай облысының Жангелдин ауданында бір топ жас атқа мініп, Мемлекеттік ту шеруін ұйымдастырды.
Жангелдин ауданы ішкі саясат басқармасының мәліметінше, бұл бастама ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекеттік туды кеңінен қолдану туралы ұсынысынан кейін туындаған. Шеру ұйымдастыру идеясын аудан жастары да қолдап, өздерінің ойларын ортаға салған.
Шеруге қатысушылардың бірі Шыңғыс Төлеухан туды дәріптеудің бірнеше нұсқасын қарай келе қолға ту ұстап атпен жүріп өтуді жөн көргендерін айтады.
Туды үйлердің қабырғасына ілу туралы да айтылып жатты. Бірақ ақылдаса келе, Ту ұстап, атқа қонуды дұрыс деп таптық. Мемлекет басшысы еліміздің мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, ҚР Мемлекеттік туын кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдайтынын жеткізді. Расымен де, рәміздер – басты байлығымыз. Ол ешқашан дәрежесінен түспеуі тиіс. Торғайлық жастардың да көздегені осы болды. Қазіргідей қиын уақытта көп адам жинауға болмайды. Дегенмен ел еңсесін көтеретін осындай бастамаларға жол ашық, - дейді ол.
Атқа мінген жігіттер ауыл тұрғындары мен қонақтарының назарын аударды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шеруді ұйымдастыру кезінде барлық санитарлық талаптар сақталған.