Қостанай облысында салық түсімі жоспардан асты

24 Сәуір 2021, 14:41
1504
Бөлісу:
Қостанай облысында салық түсімі жоспардан асты

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазынаға түскен кіріс көлемі карантинге қарамастан көбейген. Мұны Қостанай бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы өкілдері келтірген деректерден көруге болады.

Бірінші тоқсанның қорытындысы жөнінде аталмыш басқарманың басшы орынбасары Жанат Ақылбекова айтып берді.

Жалпы мемлекеттік бюджетке 17,7 млрд теңге түсті, яғни жоспар 116,2% орындалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсімдердің өсімі – 659,1 млн теңге. Республика бюджетінің кірісі 9,1 млрд теңгені құрады, жоспар 1,8% немесе 160,2 млн теңгеге асыра орындалды, жергілікті бюджетке 8,5 млрд теңге түсті, жоспар 31,5% немесе 2,7 млрд теңгеге асыра орындалды, - деді Жанат Ақылбекова.

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап орта және шағын бизнес салық төлеуден үш жылға босатылғанына қарамастан, барлық деңгейдегі бюджеттерде кірістің өскені тіркелген. Қостанайда аталған жеңілдік 18 мың 280 салық төлеушіге беріліп отыр.

2020 жылы бюджетке түсуі тиіс 2,7 млрд теңге осы жылға қалып қойды. Тұрғындардың биылғы бірінші тоқсандағы қарызы – 1,1 млрд теңге. Кіріс бөлігі бойынша жоспарлы көрсеткіштерді орындау үшін біз үнемі қосымша резервтерді іздестіреміз, - деп атап өтті басшы орынбасары.

Оның айтуынша, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, бюджетке қосымша 2 млрд 269 млн теңге түскен, оның 889 млн теңгесі республикалық бюджетке аударылған.

Түсімдердің 80% – камералдық бақылау аясындағы әкімшілендіру нәтижесі. Ақшаға шаққанда бұл шамамен 1,5 млрд теңге, - деп нақтылады ол.

Бюджеттің кіріс бөлігінің өсуіне көлік салығын төлеу мерзімінің өзгеруі де әсер еткен. Бұрын оны жыл соңына дейін төлесе, енді 1 сәуірге дейін төлеу міндеттеледі. Өткен жылы осы уақытта 36,4 млн теңге көлік салығы түссе, биыл 260 млн теңге көлік салығы төленген. Алайда, төлеу уақытынан кеш қалғандар да бар.

Жанат Ақылбекова хабарлағандай, заңды тұлғалардың салық берешегі бүгінде 2 млрд 373 млн теңгеге жеткен. Ал жеке тұлғалардың қарызы 200 млн теңгеден асады: көлік құралдары салығына 217,9 млн теңге, мүлік салығына 18,9 млн теңге, жер салығы бойынша 4 млн теңге берешек.


Өзгелердің жаңалығы