Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Көшпенділер тарихы» тақырыбындағы көрме таныстырылды деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шара оқу ордасындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қолға алынған. Көрмеге белгілі қылқалам шебері, тележурналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанұзақ Мүсәпірдің жұмыстары қойылды.
«Көшпенділер тарихы» тақырыбындағы көрменің ашылуына жиналғандар ең әуелі суретшімен кездесіп, сұхбаттасты.Қылқалам шебері бейнелеу өнері, шәкірт тәрбиелеу, суретші арқалаған жүктің салмағы, мамандыққа адалдық тұрғысында ойларымен бөлісті.
Көрменің «Көшпенділер тарихы» деп аталуы бекер емес. Елордамызда Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткелі жатыр. Бұл үлкен маңызы бар, еліміздің беделі мен абыройын арттыра түсуге бағытталған ауқымды шара, керемет той. Міне, менің азамат ретіндегі, суретші ретіндегі осы тойдың жоғары деңгейде өтуіне қосып отырған кішкентай болса да үлесім осы көрме деп білемін – дейді Жанұзақ Мүсәпір.
Көрмеге 30-дан астам картина қойылған. Оларда қазақ халқының түрлі кезеңдегі тарихы,салт-дәстүрі, ойындары мен тұрмыс-тіршілігі көрініс тапқан.
Бұл картиналар азаматтарды, әсіресе жастарды тәрбиелеуге, әдемілікке, адамдыққа бой түзеуге, өткен шақ пен болашақ туралы терең ойлануға түрткі болады. Көркем сурет кез-келген жанды керемет ойларға жетелейді, эмоция береді. Мен өз жұмыстарым арқылы көпшілікке қазақтың дара жолын, ата-бабамыздың мұрасын тереңірек таныстырғым келеді – дейді көрме авторы.
Көрмеде қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты «Келі түйген қыз», «Құрт жайған келіншек», «Диірмен тартқан ана», «Ши тоқыған қыз» сияқты картиналарды көруге болады. Жалпы, картиналардың тақырыбы сан алуан болғанымен, оларды байланыстыратын ортақ дүние – көшпенді халықтың ата салты, тіршілігі мен өткен жолы.
Өмірдегі мақсатым - қазақтың терең тарихын зерттеу, таныту, бүкіл әлемге паш ету. Әрбір жұмысым осыған арналған. Алдағы уақытта шет елдерде көрмелер ұйымдастыруды жоспарлап отырмын. Бұйырса, өз өнерім арқылы барша әлемге қазақтың қандай халық екенін танытамын дейді қылқалам шебері.