Көшпенділер ойынына қатысуға Еуроодақтың 13 елі өтінім берді

5 Мамыр 2024, 20:39
492
Бөлісу:
Көшпенділер ойынына қатысуға Еуроодақтың 13 елі өтінім берді
Фото: gov.kz

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Кестутис Янкаускаспен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясына сілтеме жасап.

Еуроодақ делегациясына Қазақстанның туристік ғана емес, спорттық әлеуеті де таныстырылды.

Ермек Маржықпаев Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 3000-ға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отырғанын айтты.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бұл еліміздің астанасында 100 мыңнан астам турист жинайтын ең ірі туристік іс-шара. Сізді ресми ашылу салтанатына қатысуға шақырамын. Еуропалық Одақ елдері осы ойындарға белсенді қатысады деп үміттенеміз", - деп атап өтті министр.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұровтың мәліметінше ойындарға Еуроодақтан 13 ел қатысуға өтінім берді.

Қазіргі уақытта Еуропалық одақтың 27 елінен 13 ел өтініш берді, олар: Болгария, Мажарстан, Германия, Италия, Латвия, Литва, Мальта, Нидерланды, Польша, Румыния, Словакия, Франция, Чехия. Болгариядан келген спортшылар Жамбы атудан жарысқа қатысады. Мәдиярлар, италиялықтар мен франциялықтар Дәстүрлі садақ атудан жарысады. Германия құрамасы Садақ атудан басқа Тоғызқұмалақтан да өздерін сынап көрмек, - деді ол.

Дирекция Еуроодақтың тағы 14 елінен өтінім күтіп отыр. Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы ЕО-ның барлық елін бұдан хабардар ету үшін бар күш-жігерін салуға уәде берді.

Айта кетері, қазіргі уақытта Қазақстан халқының 40,4%-ы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. 2023 жылы дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тартылған балалар мен жасөспірімдердің үлесі 27,3%-ға (984 мың адам) жетті. Елімізде жыл сайын олимпиадалық, олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстар өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы