Көшпенділер ойыны: Садақ атушылар сақадай сай

22 Шілде 2024, 17:26
233
Бөлісу:
Көшпенділер ойыны: Садақ атушылар сақадай сай
Фото: BAQ.KZ - Архив

Алматыда дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшелері көшпелі оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көшпенділер ойынына қатысатын садақ ату құрамасындағы 12 спортшы дайындықтарын пысықтап жатыр. Іріктеуден өткен 10 спортшы және тағы 2 спортшы резервте болады. Оның ішінде 6 ер адам, 4 қыз көшпенділер ойындарының ережелеріне сәйкес жарыстарға қатысады.

Жаттығулар өте қарқынды жүріп жатыр, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына аз қалды. Сондықтан біз қазір жаттығуды күшейтіп, жаңа әдістерді үйреніп жатырмыз. Спортшыларымыз халықаралық деңгейде жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бүгінде спорттың осы түрі бойынша Көшпенділер ойындарына қатысуға 35 ел тіркелген, бұл деген 300-ге жуық спортшы. Барлығы біздің спортшылармен бір аренаға шығып, бірінші орынға таласады. Осындай дайындық арқылы біз жақсы нәтижелерге қол жеткізе аламыз және спортшыларымыз тұғырда көк туымызды міндетті түрде көтереді, - дейді дәстүрлі садақ атудан Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Диас Ахметов.

Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Ербол Тапенов дүбірлі додаға дайын екенін жеткізді.

Мен 5 жылдан астам уақыттан бері дәстүрлі садақ атумен айналысып келемін. Бұл ерекше спорт, өйткені ол зейінді, шыдамдылықты, төзімділікті қажет етеді. Қазір V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықтан өтіп жатырмыз, іріктеуден өттік, ойынға қатысушылар құрамына кірдік. Өзімізді жоғары деңгейде көрсетеміз деп ойлаймын, - дейді спортшы.

Айта кетейік, республикалық Садақ ату федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді.

Өзгелердің жаңалығы