Елордада 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны өтіп жатыр. «Көшпенділер әлемі» деп аталатын этноауылда балалар үшін де көңіл бөлініп, жағдай жасалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кішкентай балақайлар үшін әртүрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылған. Олар ұлттық спорт түрілері бойынша тоғызқұмалақ, арқан тартыс, асық ату сынды ойындарды ойнай алады. Айта кетейік, этноауылға кіру тегін.
Ойындарды көруге келген қонақтар түрлі іс-шараның куәсі бола алады. «Өнер ордасы» сахнасында күн сайын 12:00-ден 17:00-ге дейін еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнер ұжымдарының ұйымдастыруымен «Думанды дала» концерттері өтеді. Этнофольклорлық ансамбльдер, қазақ ұлттық оркестрлері, солистер және би ұжымдары дәстүрлі этникалық стильде өнер көрсетеді. Этноауылда әр облыстың киіз үйлері құрылған.
Этноауыл аумағында «Шеберлер ауылы» ұйымдастырылған. Онда әртүрлі кәдесыйларды сатып алуға болады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген екі жүзден астам қолөнершінің бұйымдарымен таныса алады. Қонақтар зергерлік өнер, былғары өңдеу және керамикалық мүсін жасау бойынша шеберлік сабақтарына қатысуға мүмкіндіктері бар.
Қонақтар «Көшпенділер әлемі» этноауылының қарамағында орналасқан жамбы ату, құсбегілік сынды ойындарды тамашалай алады.
Айта кетейік, Көшпенділер ойынының жабылу салтанаты этноауылда 13 қыркүйек күні өтеді.