Көшербаев қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемкомиссияның кезекті отырысын өткізді

16 Қыркүйек 2021, 17:20
2553
Бөлісу:
Көшербаев қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемкомиссияның кезекті отырысын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырымбек Көшербаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысын өткізді.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Отырыста саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның ақпараттық жұмысы мен ғылыми-баспа қызметінің басымдықтары және Комиссияның шешімдерін іске асыру барысы талқыланды.

Отырыстың негізгі спикерлері ретінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым т.б сөз сөйледі.

Қырымбек Көшербаев өз сөзінде Мемлекеттік комиссияның қызметін ақпараттандыру мәселесінде ғылыми негізділік пен тарихи объективтілікті қамтамасыз ету қажет екенін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар мемлекеттік комиссия отырысында архивтерден табылған ғылыми-зерттеу еңбектерді жаһандық цифрлық кітапханаға енгізуге, көркем-публицистикалық шығармаларды ынталандыру жөніндегі арнайы жобаларды іске асыруға назар аударылды. Жиын барысында өңірлердегі саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеу материалдарын басып шығару үшін мүмкіндіктерді дамыту және жастар аудиториясының сұраныстарына бағытталған ақпараттық орта қалыптастыру мәселелері де қаралды, - делінген хабарламада.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке, өңірлердің әкімдеріне ақпараттық жұмыста Мемлекеттік комиссияның стратегиялық басымдықтарын қамтамасыз етуге, баспасөз және цифрлық технологиялардың кең ауқымын қолдана отырып, комиссияның зерттеу материалдары бойынша баспа қызметін кеңейтуге бағытталған тапсырмалар берілді.


Өзгелердің жаңалығы