Елордада оқушылар арасындағы көшбасшылар форумы өтті

10 Желтоқсан 2020, 15:23
1865
Бөлісу:
Елордада оқушылар арасындағы көшбасшылар форумы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде өзін-өзі басқару ұйымдарының «NIS оқушыларының проактивті ойлауы VS реактивті ойлауы» тақырыбындағы сегізінші көшбасшылар форумы өз мәресіне жетті.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқарма төрайымының орынбасары Ольга Можаева форум қатысушыларының мақсатқа ұмтылушылықтары мен проактивтіліктері, жігерлендіруші және шабыттандырушы қабілеттері арқасында НЗМ-де көшбасшылықты дамытуға үлес қосып жатқандықтарын атап өтті. 

Үш тілдегі «Brain boi» зияткерлік ойынында NIS жүйесінде іске асырылып жатқан «Ұрпақтар сабақтастығы», «Екі апта ауылда», «Қазақтың 100 әні», «НЗМ оқушылары оқуға тиіс 100 кітап» әлеуметтік және тәрбиелік жобаларына қатысты сұрақтар қатары көп болды.

Көшбасшылар форумының диалогтік алаңында өзін-өзі басқару ұйымдарының оқушылары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновамен тікелей эфирде кездесті. 

Зияткерлік мектептердің президенттері мен вице-президенттері философиялық, саяси және жеке деп арнайы топтарға жіктеуге болатын әртүрлі сауалдар жолдады. Жиырма бірінші ғасырдың көшбасшысы қандай болуы керек? Көшбасшы мен басшының айырмашылығы неде? Пандемияға байланысты уақыттың жаңа талқысы? Алдағы 5 – 10 жыл көлемінде NIS-тің оқу бағдарламасы өзгеруі мүмкін бе? Сұрақтардың көпшілігі Күләш Ноғатайқызының өмірлік қағидалары мен жетістікке жету стратегияларына арналды, - делінген ақпаратта.

Екінші күні форумның онлайн платформасында NIS көшбасшылары елімізге кәсіби мамандар ретінде танылған Рауан Кенжеханұлы мен Дәлел Жүзбаевпен кездесті. Екеуі де Президенттік «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Құрама Штаттарында білім алған, үш тілді жетік меңгерген. 

Екі спикердің де табысқа жету оқиғалары – қиындықтарды жеңу, таңдау құқығы мен ата-ана алдындағы жауапкершілік, өмірлік бейімділікке айналған хобби мен мамандық, өмірлік ұстанымдары мен өзінің алдындағы парызы туралы айтты.                     

Өзін-өзі басқару ұйымдары көшбасшыларының сегізінші форумы проактивті ойлаудың реактивті ойлауға қалай төтеп беретінін анықтауға арналған пікірсайыспен аяқталды. Пікірсайыста Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп командасы ІІ орынды иеленді.

Қатысушылар проактивті адам өзіне жауапкершілікті ала білуімен, уақыттың барлық талқысына, оның ішінде пандемия секілді жаһандық проблемаға жауап қатуымен және өз өмірін өзі құруымен ерекшеленеді деген қорытындыға келді.


Өзгелердің жаңалығы