Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай соты қос сәбиін пышақтап өлтірмек болған жас келіншекті жазаға тартты. Қатігез ана 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Cотта айтылған мәліметтерге қарағанда, 26 жастағы келіншек екі баласымен әлеуметтік жатақхананы паналап жүріпті. Осы жылдың сәуір айында ол кенеттен 4 және 2 жастағы туған балаларын пышақтап, артынан өзіне қол салған. Дегенмен, дәрігерлердің арқасында бәрі аман қалды.
Бастапқыда бұл іс «Перзенттерін өлтіруге оқталды» деген айыппен қаралған. Кейіннен сот барысында іс «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабына ауысыпты. Келіншек өз балаларын неге өлтірмек болған? Сотталушы бұл сұрақты жауапсыз қалдырды.
Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі санкциясы 6 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Сотталушының бұрын жауапқа тартылмағанын ескере отырып, сот орташа қауіпсіз қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеуге 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - деді Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі бөлімінің бас маманы Рамазан Кәкімбеков.Қалалық білім бөлімінің хабарлауынша, қатыгез ана маусым айында ата-ана құқығынан айырылған. Туған шешесінен жапа шеккен сәбилер қазір балалар үйінде. Оларды жақын туыстары асырап алмақ ниетте. Қазіргі уақытта тиісті құжаттарын рәсімдеп жатыр.