Коронавирусқа қарсы арнайы дәрі-дәрмек жоқ – Жандарбек Бекшин

23 Қаңтар 2020, 13:42
2870
Бөлісу:
Коронавирусқа қарсы арнайы дәрі-дәрмек жоқ – Жандарбек Бекшин
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустың жаңа түрімен сырқаттану жағдайлары Қытай аумағынан шығып, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань және АҚШ-та тіркелген. 

Бұл ауру тіпті Қытайдың 25 провинциясына тараған. Қазақстанда сырқаттану жағдайлары тіркелген жоқ. Алайда, вирус анықталған жағдайда, елімізде оны емдеуге қауқарлы арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Бұл туралы бүгінгі баспасөз конференциясында Бас санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин мәлім етті. 

Осы вирус анықталған жағдайда, сырқаттанған адамды ең алдымен күдікті науқасты оқшаулау керек болады. Бұған қарсы вакцина әлі әзірленген жоқ. Арнайы вакцина әзірлеу үшін 1 жылға дейін уақыт керек. Бұл оңай емес. Айта кететін бір жәйт, коронавирусқа қарсы арнайы, яғни спецификалық дәрі-дәрмек жоқ, - деп жауап берді Жандарбек Бекшин тілшінің сауалына. 

Оның айтуынша, вирустың адамға әсер ету жылдамдығы тым жоғары. Екі күннен он күнге дейін созылады. Әлсіздік, жөтел, ентігу мен дене қызуын сезіп, ауырсаңыз бірден шұғыл түрде дәрігерге көріну керек. Дер кезінде медициналық ұйымдарға барып қаралу қажет. 

Коронавирустар (CoV) – бұл қарапайым суық тиюден бастап таяу шығыс респираторлық синдромы (MERS-CoV) және ауыр жіті респираторлық синдром (SARS-CoV) сияқты ауыр ауруларды тудыратын вирустардың үлкен тобы.

Аурудың клиникалық белгілері мен симптомдары: кейбір жағдайларда тыныс алу қиындайтын қызба, кеуде қуысының рентгенограммасында екі өкпеде де инвазивті өкпе инфильтраттары анықталған. Ауыр жағдайларда инфекция пневмония, ауыр жіті респираторлық синдром, бүйрек жеткіліксіздігін тудыруы және өлімге әкелуі мүмкін. Вирустың басты симптомдары – өкпенің зақымдануы, пневмония және тұмауға өте ұқсас, - дейді Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі комитеті төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, ҚХР-да эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты Қазақстанға аурудың әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында Комитет санитариялық-эпидемияға қарсы және профилактикалық шаралар кешенін қабылдады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қытайдан тарап жатқан коронавирусқа байланысты шекара арқылы өту пунктерінде санитариялық бақылау шаралары күшейтілді

Өзгелердің жаңалығы