Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында бойынан коронавирус инфекциясы анықталған қандай науқастар ауруханаға жатқызылатынын айтып берді.
Сәуле Қисықованың сөзінше, егер әлдекім ПТР тест тапсырып, нәтижесінде денсаулығында коронавирус инфекциясының бары анықталса, ең алдымен, үйден шықпау керек екенін айтты. Маска тағу режимін сақтай отырып, оқшаулану шарт.
Екіншіден, күніне 3 реттен кем емес термометрия жасау керек. Үшіншіден, жеке гигиена шараларын сақтау қажет. Төртіншіден, жеке ыдыс-аяқ пайдалану керек. Сондай-ақ, бөлмені жиі желдетіп, дене температурасы 38 С-тан жоғары болған жағдайда, парацетамол дәрісін (500 мг) және күніне бір рет аспирин дәрісін (150 мг) қабылдау керек, - деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, коронавирус инфекциясы жұққан кезде дене температурасы 3-5 күн қатарынан көтеріледі. Мұндай жағдай байқалса, жедел жәрдемге хабарласып немесе тіркелген емханаға жүгіну қажет.
Вирус жұқтыруда жоғары тәуекелі бар пациенттер тобына назар салғымыз келеді. Олар – 65 жастан асқан тұлғалар, жүрек-қантамыр ауруы бар науқастар, онкологиялық дертпен ауыратын пациенттер, сонымен қатар, трансплантация жасатқан науқастар. Бұл топтағы адамдар егер денсаулықтарынан қандай да бір өзгеріс байқаса, өздігінен емделмей, бірден учаскелік дәрігерге жүгінуі керек. Коронавирус инфекциясының симптомсыз түрін емдеу бағытында елордалық дәрігерлер телемедицина мүмкіндігіне ауысты. Бейнеқоңырау және өзге де байланыс құралдары арқылы науқастың денсаулығын бақылап, тиісті кеңес береді. Вирус белгілері байқалса, пациент ауруханаға жатқызылады, - деді ол.
Сәуле Қисықова коронавирусы бар қандай науқастар ауруханаға жатқызылатынын айтып берді.
Егер коронавирустық нифекция туралы айтар болсақ, жедел жәрдем қызметі науқастарды аумақтық емханалардың шешімі бойынша ауруханаға алып кетеді. Себебі, коронавирус тіркелген сәттен бастап, аумақтық емханалар эпидемиологиялық ошақты назарға алып, аурудың қаншалықты симптомсыз немесе симптомды екенін анықтайды. Ал, егер жедел жәрдем шақыру емханадан тыс жасалса, онда қалалық жедел жәрдем станциясының қызметкерлері сол сәттегі жоғары қауіп-қатерді, яғни, қосалқы патологиялардың болуын, жоғары температураны ескере отырып, пациентті емдеуге жатқыза алады. Егер олардың қолында расталған талдау болмаса, онда ауруханаға жатқызады, провизорлық стационарға консультацияға жібереді. Онда барлығына КВИ бар-жоғын анықтау үшін тест жасалады, кеуде қуысы органдары тексеріледі, қажет болған жағдайда, компьютерлік томографияда зерттеу жүргізіледі. Содан кейін барып ауруханаға жатқызу мәселесі нақты шешіледі. Коронавирустық инфекция расталған жағдайда пациент кейін инфекциялық стационарға ауыстырылады, - деді Қисықова.