Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлыбританиядағы Вестминстер университетінің ғалымдары коронавирустың жүрек-қан тамырлары аурулары жоқ адамдарда жүрекке қалай әсер ететінін анықтады. Зерттеушілердің патогеннің маңызды мүшелер үшін қауіпті екендігі туралы тұжырымдары The Conversation басылымының сайтында жарияланған.
COVID-19-дың ауыр түрі кезінде миокардит пайда болуы мүмкін. Миокардит - жүрек бұлшықетінің (миокард) кеңейтілген қабынуы. Бұл жүректің электр өткізгіштігін өзгертеді және оның қан айдау қабілетіне әсер етеді. Нәтижесінде барлық мүшелерге, соның ішінде өкпеге де оттегі аз мөлшерде жетеді.
Жүрек жұмысындағы патологиялық өзгерістер бірнеше механизммен байланысты болуы мүмкін. Біріншіден, жүрек жасушаларының бетінде зақымданған жүрек-қан тамыр жүйесі бар науқастарда коронавирус қабылдаушы жасушаның ішіне енуі үшін қолданатын ACE2 рецепторларының көп екендігі байқалды. Екіншіден, әлсіз иммундық жүйе өмірлік маңызы бар адам ағзаларының зақымдалуына әкелетін инфекциямен жеткілікті түрде күресе алмайды.
Вирустың жүректі зақымдаған-зақымдамағанын қандағы тропонин ақуызының құрамын анықтау арқылы білуге болады. Пандемия басталған Уханьдағы халі ауыр науқастарда тропонин деңгейі жоғары болды. Алайда кейбір пациенттерде қабынуға қарсы жасушаларды белсендіретін биохимиялық сигналдардың бақылаусыз өндірілуінен, яғни цитокиндік дауыл әсерінен фульминантты миокардит асқындай түседі. Нәтижесінде бүкіл дене қабынады да, көптеген органдардың бұзылуына әкеп соғады.
Басқа тыныс алу вирустары да жүрек-тамыр асқынуларына әкелетіні белгілі. Мәселен, 2009 жылы H1N1 шошқа тұмауы вирусы көптеген пациенттердің жүрегінде ақау туғызды, сонымен қатар олардың 62 пайызы фульминантты миокардитпен ауыратын болған.