Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан бойынша ашық түрде сұхбат беруге бірінші болып келісім берген Айкөркем Кусесова Канадада оқып жатқан үшінші курс студенті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мен Канаданың Ванкувер қаласында оқимын. Коронавирус жағдайына байланысты университет жабылды. Біз онлайн форматтағы оқуға көштік. Университет билет алып берді. Елге Амстердам арқылы ұшатын рейспен келдім. Атырауға келген бойда оқшауландық. Біздің рейспен келген бір жолаушының анализінен коронавирус инфекциясы расталды. Сөйтіп, 14 күн карантинге, яғни Атыраудағы провизорлық стационарға жатқызылдық. Бастапқыда менде симптом болған жоқ. Өзімді жақсы сезініп жүрдім. Дене қызуым көтерілмегендіктен, үйге барамын деп қуанып жүр едім, бірақ дәрігерлер менен вирустың табылғанын айтқанда, қатты жыладым. Біртүрлі болашақтың барлығы бұлыңғыр сияқты болып кетті, – дейді Айкөркем.
Айкөркемнің айтуынша, ол 8 сәуір күні инфекциялық ауруханаға түскен.
Әрі-сәрі күйге түскен мен үйдегілерге үздіксіз хабарласып, "енді не істеймін?" деген сұрақты қайта-қайта қоя бердім... Инфекциялық ауруханаға түскен бірінші күнім уайыммен өтті. Ауруханаға жатқан сәттен бастап маған екі дәрі берілді. Бұл коронавируспен күресте бүкіл әлем медицинасы қолданып жатқан дәрілер. Дәрі қабылдаған соң бастапқыда ішім ауырды. Кейін аузыма ащы дәм келіп жүрді. Дәрігерлер менің жағдайымда мұндай эффектілердің болатынын айтты. Менімен бірге палатада үш адам жаттық. Олардың бірі құрғақ жөтелден қатты қиналып жүрді. Енді бірінде дәм сезбеу, иіс сезбеу жағдайлары орын алып жатты. Дәрігерлер күн сайын келіп, бізді балаша мәпелеп, жағдайымызды сұрап отырды. Ауруханада таңмен дәрі қабылдаймын. Кейін дене қызуымыз өлшенеді. Сағат он шамасында дәрігерлер келіп жағдайымызды қарайды. Қатты риза болатыным, дәрігерлер бізді дәрімен ғана емес, жылы сөздерімен де емдеп шығарды. Дәрігерлерге мың алғыс! Ауруханадан шыққанда көшеде көп адамның жүргенін көрдім. Негізінде адам басынан өтпей ешнәрсені сезінбейді ғой. Қазір халық арасында "вирус жоқ, ауруханаға жатып шығу үшін, ақша төлеп жатыр" деген алып-қашпа әңгімелер жүріп жатыр. Бірақ, коронавирус ойыншық емес. Ол бар. Және қауіпті індет біздің арамызда жүр, – дейді Айкөркем.
Айкөркем қазір үй карантинінде. Ол енді жиырма бір күн бойы оқшаулауда болады.
Мекенжайым бойынша тіркелген емханадағы эпидемиолог дәрігерге күнде жағдайымды хабарлап, видео жіберіп отырамын. Карантин мерзімі аяқталған соң қайтадан анализ тапсырамын. Бәрі де жақсы болса екен деп тілеймін, – деді Айкөркем қоштасарда.