Коронавируспен күрес. ЕО Орталық Азия елдеріне көмек берді

18 Қараша 2020, 22:03
1804
Бөлісу:
Коронавируспен күрес. ЕО Орталық Азия елдеріне көмек берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуроодақ Орталық Азия елдеріне коронавирустың кесірінен туындаған дағдарыспен күресу үшін қаржылай көмек ретінде 134 миллион еуро (шамамен 159 млн доллар) қаражат бөлді. Бұл ақпаратты Еуропаның сыртқы байланыс қызметі хабарлады.

Қаражат Орталық Азия елдерінің шұғыл және ұзақ мерзімді қажеттіліктерін өтеуге берілді, атап айтқанда денсаулық сақтау жүйесі, сумен қамтамасыз ету, санитария саласын жетілдіріп, дағдарыстың қоғамдық-экономикалық салдарын жоюға бағытталған - делінген "Еуроодақ – Орталық Азия" министрлер кездесуінен кейін таратылған мәлімдемеде.

Азаттық радиосының мәліметіне қарағанда, жиынға Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель төрағалық еткен.

Сәрсенбі күні таратылған ортақ мәлімдемеде онлайн форматта өткен видеоконференцияға қатысушылардың "коронавирус індетінен кейін ойдағыдай аяққа тұрып, тұрақты түрде даму үшін жұмыла әрекет етуге бекінгені" жазылған.

Олар сонымен бірге "заң үстемдігі, демократиялық басқару, адам құқығы" саласында "алға жылжудың маңызды екенін" де атап өткен.

Шілде айында Еуроодақ Орталық Азия елдеріне коронавирус дағдарысы кезінде 3 млн еуро көлемінде қаржылай көмек беруді мақұлдаған еді.

Өзгелердің жаңалығы