Коронавирусқа шалдыққан адам егілу құжатын сатып алғанын мойындаған

14 Шілде 2021, 18:55
3439
Бөлісу:
Коронавирусқа шалдыққан адам егілу құжатын сатып алғанын мойындаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова хабарлады. 

Оның айтуынша, көп жағдайларда вакцина салдырған адамдар ауырған күннің өзінде инфекцияның жеңіл түріне шалдығады.

Сондай-ақ ауырғандардың санына үнемі мониторинг жүргізіліп отыратын көрінеді.

Екпе салдырғандардың алғашқы дозасын алғандар арасында 1325 адам жұқтырған. Ал екінші компонентті салдырғандар арасында 964 жағдай тіркелді. Біз сонымен қатар екпе алғандардың арасында аурудың ағымын да бақылап отырамыз, - деді Роза Қожапова.

Ведомство басшысы ауруға шалдыққан адамның бірі вакцинация құжатын сатып алғанын айтқан.

Ауруы асқынып, реанимацияға түскен науқас екпе салдырғандығы туралы құжаты болса да, шын мәнінде вакцина алмаған болып шықты. Ол заңнаманы бұзып, құжатты сатып алған. Мұны жағдайы ауырлаған соң өзі мойындады. Бұл әзірге анықталған жалғыз жағдай. Вакцинацияланғандар арасында аурудың ауыр өтуі – бұл өте сирек және төмен көрсеткіш, - дейді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Өзгелердің жаңалығы