Ақтауда коронавирус жұқтырған жүкті әйел босанды

22 Сәуір 2020, 16:55
3424
Бөлісу:
Ақтауда коронавирус жұқтырған жүкті әйел босанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жүкті әйелге кесір тілігі жасалды және дүниеге қыз бала келді. Бұл туралы бүгін өңірлік қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Ләззат Есенғалиева мәлімдеді. 

21-інен 22 сәуірге қараған күні Маңғыстау облысында Covid-19 вирусын жұқтырған 16 науқас тіркелді. Олардың 4-еуі емделіп шықты. Бұған дейін 1 ер және 1 әйел адам жазылып шыққан болса, бүгін, яғни 22 сәуірде тағы екі келіншек емделіп шығарылды. 

Ләззат Есенғалиеваның айтуынша, коронавирус жұқтырғандар қатарында 7 адам Ақтау қаласында, 4 адам Жаңаөзен қаласында және 5 адам Маңғыстау ауданы Шетпе ауылында орын алған. 

Қазіргі уақытта облыстық инфекциялық ауруханада 5 науқас ем алуда, Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханада 4 адам және Шетпедегі инфекциялық бөлімшеде 3 науқас емделуде. Барлығына диагностикалық және емдік шаралар жүргізілуде. 12 науқастың ішінде біреуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр және ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. 

Бүгін жазылып шыққан 2 адамға келетін болсақ, олар өздерін жайсыз сезінген соң Жедел жәрдем қызметін шақыртқан және олардан коронавирус белгілері бар екендігі анықталды. Алгоритм бойынша екеуі де жатқызылды. Біреуі Ақтау қаласында, ал екіншісі Шетпе ауылында. 

Мәселен, Ақтау қаласының тұрғыны, яғни жүкті келіншекке облыстық аурухана мен перинаталдық орталықтың дәрігерлері консилиум жасап, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларымен онлайн арқылы телемедицина ұйымдастырылған, профессорлардың кеңесіне жүгіне отырып, босандырып алу жөнінде шешім қабылданды. Кесір тілігі жасалды және дүниеге қыз бала келді, - делінген хабарламада. 

Науқас келіншек инфекциялық стационарға жатқызылды, барлық ем-дом шаралары ұйымдастырылды. Қасында акушер-гинеколог, медбике инфекционист-дәрігер бар. Ал, кішкентай сәби болса провизорлық госпитальде, тест нәтижесі теріс. Оның қасында дәрігер-неонатолог пен медибкелер бар. Жасанды сүт, памперс және тағы басқа балаға қажетті заттармен толықтай қамтамасыз етілген. 14 күннің ішінде босанған жас ананың жағдайы жақсы болып шықса, үйіне қайтарылып қызымен қауышады.

Өзгелердің жаңалығы