Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәжікстанда Ислам орталығының Улем кеңесі мешіттерде жамағатпен намаз оқуға тыйым салды.
Мұндай шешім коронавирус індетінің әлем бойынша жаппай тарауына байланысты қабылданып отыр.
Ислам орталығындағы фетв бөлімінің басшысы Джамолиддин Хомушидің айтуынша, тек жаназа намазын оқуға рұқсат етілген. Шешім 5 наурыздан бастап күшіне енді.
Кеңес адамдардан қоғамдық орындарға бармауды және температура көтерілген жағдайда бірден дәрігерге хабарласуды сұрады.
Біз Денсаулық сақтау министрлігінен коронавирустың адам денсаулығына қаупі мен қатерлері туралы нақты деректер сұрадық. Вирустың адам өміріне қандай да бір қауіптілігі анықталса, онда мешіттерде карантин жариялауға болады, - деді Тәжікстан Улем кеңесінің басшысы Саидмукаррам Абдукодирзода.