Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі таңда әлемде жалғасып жатқан коронавирус індеті шетелде білім алатын қазақстандық студенттер үшін белгілі бір қиындықтар туғызуда. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Көптеген елде тұрақты авиациялық және көліктік байланыс тоқтатылып, шетелдік азаматтарға кіруге тыйым салынып, карантин режимі сақталуда. Шетелдік оқу орындары шетелдік студенттер үшін қашықтан оқыту форматына көшуде.
Осыған байланысты қазақстандық студенттерді үйлестіру және оларға қажетті көмек көрсету үшін Сыртқы істер министрлігінде Жедел штаб құрылып, оған Орталық аппарат қызметкерлерімен қатар шетелдегі консулдық қызметкерлері де кірді.
Консулдық қызметкерлер өздері орналасқан елдердегі әр университетпен байланыс орнатып, шетелдік студенттер үшін ұсынылатын оқу форматын анықтауда. Сонымен қатар, СІМ штабы Қазақстанда тіркелген шетелдік елшіліктермен тұрақты байланыста.
Штаб біздің студенттерге университеттермен байланыс орнатуда, виза рәсімдеуде, белгілі бір елге кіру мен шекарадан өту және т.б. мәселелерде көмек көрсетеді.
Студенттер мен олардың ата-аналарынан барлық сұрақтар бойынша ҚР СІМ Жедел штабына келесі байланыстар бойынша хабарласуын сұраймыз: +7 (7172) 72-00-46, 72-00-47, 72-05-49, электрондық пошта - covid19@mfa.kz.