Коронавирус. Өскеменде алғашқы жағдай тіркелді

3 Сәуір 2020, 11:20
2853
Бөлісу:
Коронавирус. Өскеменде алғашқы жағдай тіркелді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан хабарлады.

Құрметті Шығыс Қазақстан тұрғындары! Кеше кешке біздің облыста COVID-19 бойынша тағы бір жағдай тіркелді. Ол 1938 жылы дүниеге келген Өскемен қаласының тұрғыны. 1 сәуір күні ол жағдайының төмендеп кеткенін айтып емханаға жүгінген. Өкпесіне рентген түсірілімі жасалып, пневмония диагнозы қойылды. Бұдан кейін жедел медициналық жәрдем бригадасы оны стационарға жеткізген. Пневмонияға күдікті пациенттерді диагностикалау алгоритміне сәйкес, оған стационарда COVID-19 бойынша тексеру жүргізіліп, нәтижесі оң болып шыққан, - деді Ілияс Тұңғышқанұлы.

Басқарма басшысының хабарлауынша, әйел адам облыс және ел аумағынан шыққан емес. Қазіргі уақытта оның жағдайы қалыпты, орташа ауыр деңгейде. Бүгінгі таңда пациентпен қарым-қатынаста болған барлық адамдар анықталды. Жақын қарым-қатынаста болғандар дәрігерлердің бақылауында болатын карантинді сационарға жатқызылды. Олардан талдау алынды, бірақ көрсеткіштері теріс. Олар болған жерлер дезинфекциялануда.

Пациент ем алған стационар қазіргі уақытта карантинде. Онымен қарым-қатынаста болуы мүмкін деген адамдар үй карантинінде. Құрметті шығысқазақстандықтар, жағдай бақылауға алынған. Жаңа деректер пайда болғанда қосымша ақпараттандырып отыратын боламыз. Тек қана ресми ақпаратқа сенулеріңізді сұраймын!, - деп қосты Ілияс Мұхамеджан.

Қоса кетсек, бұл осымен Шығыс Қазақстан аумағында тіркелген коронавирус инфекциясының үшінші жағдайы. Осыған дейін мұндай диагноз Семей қаласының екі тұрғынына қойылған болатын. Олар Мысыр елінің Шарм-Эль-Шейх қаласында демалыста болып қайтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы