Коронавирус. Израиль кореялық туристерді қабылдамады

25 Ақпан 2020, 12:26
1616
Бөлісу:
Коронавирус. Израиль кореялық туристерді қабылдамады

Алматы, BAQ.KZ. Израиль үкіметі коронавирустың таралуына жол бермес үшін Сеулден келген туристерді кері қайтарды. Бұл туралы «Хабар 24» мәлімдеді. 

Қытай, Оңтүстік Корея және Азияның өзге елдерімен әуе қатынасы тоқтатылды. Бұл елдерден тек Израиль азаматтарына елге қайтуына рұқсат бар. Сеулден ұшып келген туристерді кері қайтарды. 

Соңғы кезге дейін географиялық орналасуына байланысты Израиль дерттен аман қалады деп саналған. Саяхаттауға арналған кемеде ауырған израильдіктер елден алыс Жапонияда болған, ал елде бірде-бір адам вирусты жұқтырмаған еді. Алайда елге саяхаттап келген оңтүстіккореялықтар тобында жеті адамның бұл сырқатқа шалдыққаны анықталды. Бұл олар Израильден кеткеннен кейін белгілі болды. Осы туристтер ел аумағының жартысын аралап, жүздеген адаммен байланыста болған екен. Олармен қатынасқан адамдарды екі аптаға карантинге орналастырып жатыр. Жалпы Изральде мыңға жуық адам оқшауландырылды. 

Біз өзгеріп отырған жағдайға сәйкес үнемі саясатымызды бейімдейміз. Ең алдымен өзге елдерден Израильге келуге шектеу қоямыз. Бүгін осы тізімге Австралия мен Италияны қостық, қажет болса өзге елдерді де кіргіземіз. Сақтықта қорлық жоқ деп айтар едім,- дейді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху. 

Денсаулық сақтау министрлігіне ерекше өкілеттілік берілген. Тіпті карантиннен бас тартқандарды қамауға алу қарастырылған. Індетке қарсы күресті терроризмге қарсы Ұлттық орталық басқаратын болды. Бұл ел тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. 

Әдетте бұл орталық ел қауіпсіздігіне қатысты мәселелермен айналысады. Коронавирус стратегиялық тұрғыдан азаматтарымыздың денсаулығына әсер етуі мүмкін, сол себептен енді оларға осындай тапсырма берілді. Денсаулық сақтау министрлігі ең алдымен ауруханалар мен жедел медициналық қызметке нақты нұсқаулықтар дайындады,-дейді медицина саласының сарапшысы Марк Кацнельсон. 

Елдегі барлық ауруханада коронавируспен ауырғандарды оқшауландыру бойынша жаттығу өтті. Денсаулығына күдіктенген адамдарға емханаларға баруға тыйым салынды. Дәрігерлер оларды тексеру үшін үйлеріне өздері барады. Үкімет жағдай асқынған жағдайда шекараны толығымен жабу шарасын қарастырмақшы.

Өзгелердің жаңалығы