Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазір ҚХР аумағында 719 ҚР азаматы бар, оның 391 отанына оралуға көмек көрсету туралы өтініш білдірді.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық азаматтарды коронавирусты жұқтырудан қорғау жөнінде іс-шаралар қабылдау туралы тапсырмасына сәйкес, ҚР Үкіметі ҚХР аумағындағы және отанына оралуға тілек білдірген қазақстандықтарды эвакуациялайды.
Биылғы жылдың 10 және 12 ақпанында Қытай билігімен келісім бойынша Бейжіңге қазақстандық азаматтарды әкелу үшін Air Astana әуекомпаниясының екі ұшағы жіберіледі. Ұшу барысында жолаушылармен бірге медициналық қызметкерлер болады. Қытай тарапының өтініші бойынша осы рейстер арқылы Бейжіңге Қазақстандағы 47 Қытай азаматын, сондай-ақ Қытай елшілігінің коммерциялық емес жүгін жеткізу жоспарлануда, - делінген СІМ хабарламасында.
Қазір ҚХР аумағында 719 ҚР азаматы бар, оның 391 отанына оралуға көмек көрсету туралы өтініш білдірді. Қалғандары - дипломатиялық мекемелердің қызметкерлері мен отбасы мүшелері, студенттер және басқа да жеке тұлғалар Қытайда қалуға тілек білдірді.
Қазақстанның ҚХР-дағы дипломатиялық мекемелері қажет болған жағдайда, тиісті көмек көрсету үшін ҚР азаматтарымен жұмысты жалғастыруда және тұрақты байланыста.
Аталған барлық шаралар ҚХР аумағындағы біздің азаматтарға байланысты барлық мәселелерді шешуге сындарлы көзқарас танытатын Қытай тарапымен тығыз үйлестіру негізінде жүзеге асырылады.
Айта кетейік, соңғы деректер бойынша Қытайда коронавирустан қаза тапқандар саны 908-ге жетті. Ал қауіпті дертке шалдыққандардың саны 38 мыңға жуықтаған.