Қорғаныс министрлігінде өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды

11 Тамыз 2021, 20:42
1413
Бөлісу:
Қорғаныс министрлігінде өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігі Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің әскери-саяси өлшемін дамыту бойынша онлайн-семинар өткізді.         

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

Семинарға АӨСШК-ға мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының өкілдері: Әзербайжан, Бангладеш, Бахрейн, Вьетнам, Израиль, Үндістан, Иордания, Ирак, Иран, Қытай, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Палестина, Ресей және Түркия, сондай-ақ АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай қатысты.

Семинарға қатысушылар АӨСШК әскери-саяси өлшеміндегі сенім шараларын іске асыру, Азиядағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Қорғаныс министрлігінде өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды

Азиядағы жағдай саяси және экономикалық жүйелердің әртүрлі болуымен, бірегей мәдени дәстүрлерімен сипатталады. Қауіпсіздікті нығайту тәсілдерін пысықтауда осы ерекшеліктерге тиісті деңгейде назар аудару талап етіледі, – деді семинардың ашылуында Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов. Ол АӨСШК үшін Ауғанстандағы ахуалды қалпына келтіру мәселесі өзекті болып табылатынын атап өтті. Еуразиялық кеңістіктегі анағұрлым ауқымды ынтымақтастықты жолға қою песрпективасы елдегі ахуалдың тұрақты болуына байланысты. Одан басқа, COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемге бұрын-соңды болмаған сынақ болып отыр.

Семинар барысында Қазақстанның қару-жарақты бақылау саласындағы халықаралық шарттар мен келісімдерді іске асырудағы тәжірибесі, Түркияның АӨСШК әскери-саяси өлшемін ұйымдастырудағы және орындаудағы тәжірибесі, сондай-ақ сенім мен қауіпсіздік шаралары шеңберінде форумның халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылы бойынша бірқатар таныстырылым ұсынылды.

Қорғаныс министрлігінде өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды

Семинар 2020 – 2022 жылдары Қазақстан Республикасының АӨСШК-ға төрағалық ету тұжырымдамасының іс-қимылдар жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Қазақстан Төраға ретінде кеңесті институционалдандыру және форумды тұрақты әрекеттегі сараптау алаңына айналдыру бойынша жұмыс жүргізеді. Қазіргі уақытта жаңартылған АӨСШК әскери-саяси өлшеміндегі тұжырымдама мен Іс-қимыл жоспары форумға қатысушы мемлекеттермен келісілуде.

Өзгелердің жаңалығы