Қорғаныс министрі оңтүстік өңірге жұмыс сапарымен барды

25 Сәуір 2021, 09:46
1539
Бөлісу:
Қорғаныс министрі оңтүстік өңірге жұмыс сапарымен барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс ведомствосының басшысы Арыс қаласында оқ-дәрілер қоймаларындағы өрт салдарын жою жұмыстарының барысын тексерді, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан әскери бөлімдер мен мекемелерге барды.

Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласындағы инженерлік-саперлік құрама жасақтың қызметіне зер салды. Оған оқ-дәрілер қалдықтарын жинау мен оларды кәдеге жарату бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Жұмыс барысында заманауи инженерлік техника жұмылдырылды. Атап айтқанда, оператор қорғалған пункттен басқарылатын «tEODor» роботтандырылған кешені қолданылады. Роботтың салмағы 100 кг дейінгі заттарды 2 шақырым қашықтыққа тасымалдауға қабілетті.

Заманауи ыңғайлы және жеңіл басқарылатын экскаватор машиналары қолданылады.

Оқ-дәрілерді жинау мен кәдеге жарату әдістемесі үнемі жетілдіріліп отырады. Бүгінгі таңда оқ-дәрілерді жинау арнайы контейнерлерде жүзеге асырылады, онда олар белгіленген жерге жеткізіліп, жойылады. Бұл саперлердің оқ-дәрілермен тікелей байланысын азайтуға және төтенше жағдайлардың пайда болу мүмкіндігін азайтуға мүмкіндік береді, - делінген ақпаратта.
Саперлермен жұмыс барысында бейнебақылау құралдарымен және дозиметрлік аспаптармен жарақталған отандық өндірістің «Сақтау» жинаққа қарсы қорғаныш костюмдері пайдаланылады.
Қорғаныс министрі оңтүстік өңірге жұмыс сапарымен барды

Қалада және оның айналасында оқ-дәрілердің қалдықтарын іздеу жұмыстары жалғасуда. Көптеген жағдайларда анықталатын заттар жергілікті тұрғындарға қауіп төндірмейтіні атап өтілді.

Әскери саперлер қалаға іргелес аумақтарда егіс науқанын қауіпсіз жүргізу мен мал жаюды қамтамасыз етті. Жергілікті тұрғындар да әскери қызметшілердің жұмысына түсіністікпен және қолдаумен қарайтыны атап өтілді.

Сонымен қатар, белгісіз заттарды тапқан кезде әскери қызметтің күнделікті тыныс-тіршілігі мен азаматтардың іс-қимыл тәртібі туралы тұрғындарды хабардар ету бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдар мен ұтқыр минасыздандыру топтарының өзара тығыз іс-қимылы ұйымдастырылған, - делінген ақпаратта.

Қорғаныс министрі бірқатар тапсырмалар берді. Олардың көбі өрт салдарын жоюға қатысатын жергілікті тұрғындар мен әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде болды.

Түркістан облысында орналасқан әскери бөлімдерде қорғаныс ведомствосының басшысы қару-жарақ пен оқ-дәрілердің сақталу жай-күйін, әскери объектілердің өртке қарсы және диверсияға қарсы қауіпсіздік жағдайын тексерді.


 


Өзгелердің жаңалығы