Қорғаныс әскерлері елімізге төнген кез келген басқыншылықта бәрін жасауға тиіс – полковник

13 Маусым 2021, 12:18
3317
Бөлісу:
Қорғаныс әскерлері елімізге төнген кез келген басқыншылықта бәрін жасауға тиіс – полковник
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әскери агрессия, nөтенше жағдайлар кезінде мемлекет өзінің барлық ресурсын жұмылдырады және жергілікті халықтың қолдауына сүйенеді. Жергілікті атқарушы органдар осындай міндеттерді орындауға қаншалықты дайын, Қорғаныс министрлігі аумақтық әскерлер жүйесін жетілдіру үшін не істейді, осы сұрақтар төңірегінде біз Қарулы күштер Бас штабы Аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы, полковник Ризат Қолпашевпен әңгіме өрбіттік.

– Ризат Ерғалиұлы, сіз аумақтық қорғаныс саласында қызмет етесіз. Әскери қызмет атқармаған адамға оның не үшін қажет екенін түсіну қиын. Оның мәні неде?

– Келісемін, бір қарағанда, біршама қиын. Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бізде Қарулы Күштер бар. Олар кез елген уақытта, елдің кез келген өңірінде Отанын қорғауға кірісуі керек.

Дұрысы, сол, әскерлер бүкіл аумақта, әр облыста орналасуы керек. Дегенмен, экономикалық тұрғыдан қарағанда бейбіт уақытта барлық жерде әскерлерді тұрақты ұстау мүмкін емес.
Сонымен қатар, қазіргі қарулы қақтығыстардың тәжірибесі көрсеткендей, қарсыластардың әрқашан шынайы соғыс тәсілін қолданбайтыны да белгілі. Ахуалды тұрақсыздандыру, бейбіт тұрғындар арасында үрей тудыру үшін олар инфрақұрылымды бұзады, тіршілік көзі болып табылатын объектілерді істен шығарады.

Жауынгерлік іс-қимылдарға көшу кезінде елді мекендердегі тұрақты әскерлер қолдану жоспарларына сәйкес қарсыласпен соғысуға кетеді, ал жергілікті жерлердегі, соның ішінде тылдағы міндеттерді аумақтық әскерлер, Ұлттық ұлан және полиция орындайды.
 
Аумақтық әскерлер дегеніміз не? Бейбіт уақытта бұл - ­­қарапайым азаматтар. Олар жұмыс істейді, оқиды, бизнеспен айналысады. Бірақ олар қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерде, әскери комиссариаттарда есепте тұр. Сондай-ақ ел басына күн туған кез келген уақытта қарша бораған оққа қарсы тұруға дайын.

Елдегі ахуал шиеленіскен кезде олар әскерге шақырылып, аймақтың мүддесі үшін әртүрлі міндеттерді орындауға жіберіледі. Әр өңір осындай қиын жағдайларда іс-қимыл жасауға дайын. Осындай қиын жағдайларда әрекет етуге дайын. Бұл мақсатта әзірленген сенімді ескерту жүйесі және нақты жауап беру алгоритмі бар.

Бүгін бейбіт күндегі жұмысыңыз, ертең құдай бетін аулақ қылсын, сырттан қауіп төнген жағдайда мүлде басқаша болады, яғни сіз Отан қорғауға жұмылдырыласыз. Нысандарды күзетесіз, торуыл ұйымдастырасыз, жау техникасын жоясыз және т.б. Бұдан басқа, бейбіт уақыттағы төтенше жағдай кезінде олар халыққа, кәсіпорындар мен ұйымдарға көмек көрсету үшін тартылады.

жада.jpeg

- Аумақтық қорғаныстың міндеттері қандай?

- Жұмылдыру резервіндегілер елді мекендерді күзетеді, маңызды нысандарды қорғауды ұйымдастырады. Бәрімізге мәлім, мұндай уақытта үздіксіз байланысты, көлік қатынасын, қару-жарақ пен азық-түлік тасымалдауды қамтамасыз ету қажет. Аумақтық қорғаныс бригадалары тұрақты әскерге қолдау көрсетеді. Аумақты жақсы біле отырып, әскери қызметшілер қоршау құрылыстарын тұрғызады, рейдтер жасайды, әскери техниканы жояды, жауды кез келген тәсілмен бейтараптандыруға және оның жоспарларын бұзуға тырысады. Демек уақытша басқыншылық жасау кезінде жұмылдырылған құрам партизандық қозғалысты іске асырады.

Төтенше немесе соғыс жағдайы режимі кезінде аумақтық қорғаныс әскерлері де жұмылдырылады. Олар билік пен халыққа халықты көшіруді ұйымдастыруға көмек көрсетеді, кезекшілік етеді, қажетті жұмыстарды атқарады.

Осылайша, аумақтық қорғаныс әскерлерінің міндеттері Ұлттық ұланның міндеттеріне ұқсас болып келеді.

- Осы орайда Аумақтық қорғанысты ұйымдастыруға кімдер жауап беретінін, сондай-ақ, қолбасшысы туралы айтсаңыз...

– Аумақтық қорғаныс аймақтық-өңірлік ережеге сәйкес құрылатындықтан, оны ұйымдастыруға әкім де жауап береді. Іс жүзінде барлығы «Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы күштері туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдарда жазылған.

Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың функциялары нақты айқындалған, оны үйлестіретін Қорғаныс министрлігі. Біздің департамент аумақтық қорғанысты жоспарлаумен тікелей айналысады.

Жұмылдыру, соғыс жағдайы, соғыс қимылдары кезеңінде аумақтық әскерлерге жалпы басшылықты Қарулы күштердің Бас штабы жүзеге асырады. Ол аумақтық қорғаныс міндеттерін орындайтын күштер мен құралдардың әрекеттерін ұйымдастырады.

Қажет болған жағдайда арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар жұмылдырылады.

– Жалпы, міндеттері туралы егжей-тегжейлі айттыңыз, енді аумақтық әскерлер құрамын түсіндірсеңіз?..

- Аумақтық әскерлердің құрылымын, штат санын Қорғаныс министрі бекітеді. Әскерлер аумақтық қағидаға сәйкес әскери қызметшілерден, азаматтық персонал және әскери міндеттілерден жасақталады.

Шын мәнінде, әскери бөлімдер мен аумақтық қорғаныс бөлімшелері Қарулы күштердің құрамдас бөлігі болып табылады. Әрбір облыс орталығында және Республикалық маңызы бар қалаларда аумақтық қорғаныс бригадалары құрылды. Аумақтық қорғаныстың кей бөлімдерінде жасақталған күзет бөлімшелері бар.

Олар негізінен бұрын Қарулы күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда офицерлік лауазымдарда қызмет еткендер. Олар жергілікті билік құрылымдарымен, министрліктердің аумақтық органдарымен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

жада1.jpeg

- Аумақтық әскерлердің қатысуымен осыған ұқсас шаралар өткізілді ме?

– Әлбетте. Біз оларды аумақтық әскерлердің оқу-жаттығуларына, арнайы өрістету шараларына қатыстырған болатынбыз.

2018 жылы Маңғыстау облысының бригадасы аумақтық қорғаныс ротасының құрамында «Батыс-2018» жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысты. Осыған ұқсас «Алдаспан-2019» оқу-жаттығуы Алматы облысында өткізілді.

2017 жылы тіркелген әскери міндеттілер құрамы жауынгерлік парадқа қатысты. Келесі жылы «Отар» 40-шы әскери базасында аумақтық қорғаныс бригадаларын қатысуымен жауынгерлік парад өткізілді. Аталған оқу-жаттығуға облыс және қала әкімдері де болды. Тұңғыш Президент – Қарулы күштердің Бас қолбасшысы оларға жауынгерлік туларды тапсырды.

Өткен жылы төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуде аумақтық әскерлердің арнайы өрістетуі өткізілді.

– Арнайы өрістету дегенді қалай түсінеміз?

– Ол төтенше жағдай кезінде, ТЖ салдарын жоюда: сел, жер сілкінісі, су тасқыны, өрт және өндірістегі ірі апаттар кезінде өткізіледі.

2020 жылы аумақтық қорғаныс әскерлерінің арнайы өрістетуі алғаш рет өткізілген болатын. Жиынға шақырылғандар жедел штабта, блок бекеттерде, патрульдеуде, медициналық мекемелерде, жедел топтар құрамында қызмет атқарып, дезинфекциялау жұмыстарына қатысты. Сондай-ақ апаттық-құтқару жұмыстарына және Түркістан облысындағы Сардоба су қоймасының жарылуына байланысты су тасқынының салдарын жоюға қатысқан болатын.

Жалпы аумақтық қорғаныс бригадасына резервте тұрған 1625 адам шақырылды. Қызық жайтты айта кетейін, жиынға қатысқысы келгендердің саны үш мыңнан асты. Бұл жағдай ел азаматтарының әрқашан көмекке келуге әзір екенін және өздерінің қоғамға пайда тигізгісі келетін ниетін көрсетті.

Қандай да бір жауапты сәтте сен ешқандай қиындық пен қауіп-қатерлерге қарамастан ел үшін, жұрт үшін тәуекелге барасың. Бұны патриотизм деп айтуға болады.

Аумақтық әскерлерге жүктелген барлық міндет сәтті орындалды.

– Аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің құрамын қамту кімге жүктелген?

– Тұрақты құрам үшін ақша үлесі және өзге де төлемдер үшін Қорғаныс министрлігі жауап береді. Қару-жарақ пен оқ-дәрілер әскер қоймаларында сақталады. Арсеналдардың орналасуын ескере отырып, оларды аумақтық әскерлерге бөлу тәртібі егжей-тегжейлі пысықталды.

Ал қызметтік үй-жайлар, көлік, техникалық құралдар, пәтерлік-пайдалану мүлікпен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Олар, сондай-ақ, материалдық-техникалық құралдардың запасын құруға, әскери міндеттілермен жиын өткізуге, аумақтық қорғаныс басқару бригадаларының персоналының құрамына жауапты. Бұл арада тағы да біраз жұмыс атқару қажет.

– Аумақтық әскерлердің даярлығын арттыру жолында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтсаңыз?

– Біраз жұмыс істелді. Одан бөлек, нормативтік құқықтық базаны жетілдіреміз. Биыл «Аумақтық қорғанысты ұйымдастырудың жалпы міндеттері мен жүйесін бекіту туралы» Мемлекет басшысының Жарлығы шықты. Ол құжатта қолда бар тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік органдардың, әскери басқарудың функциялары нақтыланды, сондай-ақ, аумақтық әскерлерді қолдану жағдайлары жазылған.

Қазіргі кезде аумақтық әскерлерді жабдықтау нормалары бекітілді. Бұл іс-шараны сапалы ұйымдастырудың маңызды сәті.

Былтыр әскери міндеттілердің жиындарын өткізу кезінде, ел азаматтарының осы іске қатысып, олардың мемлекетке көмекке келуге әзірлігіне куә болдық. Бұл қуантарлық жағдай. Алайда бос құлшыныспен ұзақ уақытқа қорған бола алмайтының белгілі.

Жалпы, жабдықтау нормаларын негізге аламыз. Олар бізге аумақтық қорғаныс жүйесін нығайтуға және жоспарланған іс-шараларды тиісті деңгейде өткізуге мүмкіндік береді деп санаймын.

Жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық әскерлердің лауазымды тұлғаларының біліктілігін арттырудамыз. Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті, басқа да жоғары оқу орындар базасында курстар ұйымдастырамыз. Сондай-ақ жаттығулар, командалық-штабтық оқу-жаттығулар, жауынгерлік оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. Соңғы үш жылда 50-ден астам осындай шара өткізілді.

2019 жылы облыс және қала әкімдерінің аппараттарында әкім көмекшісі лауазымы пайда болды. Ол лауазымдарға Қорғаныс министрінің бұйрығымен іссапарға жіберілген, қазіргі кезде Қарулы күштерде қызмет атқаратын офицерлер тағайындалады. Олар өңір басшысының аумақтық қорғанысты ұйымдастыру жөніндегі қызметін қамтамасыз етіп, үйлестіру мәселелерімен айналысады.

Біз, аумақтық қорғаныс әскерлері елімізге төнген кез келген басқыншылықта және қандай да бір агрессияда жедел іс-қимыл жасау үшін бәрін жасауға тиіспіз. Әлемде шиеленіскен жағдайлар, қарулы қақтығыстар болып жатыр. Сондықтан тіркелген құрамды жүйелі түрде дайындау қажет. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.


Өзгелердің жаңалығы