Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандағы Корея Республикасы елшілігі Корей мәдени орталығы ай күнтізбесі бойынша келген жаңа жыл мерекесі – Сольнальды атап өтті.
Айта кетейік, биыл орталық карантин талаптарын сақтай отырып, мерекені онлайн форматта өткізді. Корей мәдени орталығы Кореяның Қазақстандағы өкілі ретінде қонақтар үшін арнайы мәдени бағдарламаны онлайн форматта дайындады.
Сольналь (설날) – бұл қандай мереке?
Сольналь - ай күнтізбесі бойынша бірінші айдың бірінші күнінде тойланатын мереке. Бұл күні халық ескі жылдың күннің батуын тамашалап, жаңа жылдың таңын қарсы алады. Бұл – отбасылық мереке. Сондықтан Сольнальды адамдар өте қызу дайындықпен күтеді
Сольнальда немен айналысуға болады?
Сольналь мерекесі негізінен үш негізгі бөліктен тұрады. Оның алғашқысы «Ттоккук» тағамы. Бұл тағамсыз Сольнальды елестету мүмкін емес. Екіншісі, ұлттық ойындар. Барлық отбасы мүшелері бірге жиналып, ойын ойнап, мерекені қызықты атап өтеді. Үшіншісі, үлгендерге сый-құрмет, тағзым ету. Мұны корейлер «сэбэ» деп атайды.
Ттоккук
Бұл - Сольналь күні таңертең жейтін негізгі тағам. Ттоккук те жаңа жылдың басталғанын білдіреді. Ақ күрішті ттокты жұқа домалық етіп турап, оны сорпаға салып, ұзақ қайнатады. Дайын болған ттоккукты дастарханға қояды. Сондай-ақ, ттоккуксыз Сольнальды елестету мүмкін емес. Себебі аталған тағамды жеген адамның өмірі бір жасқа үлкейді деп есептеледі.
Ұлттық ойындар
Сольналь мерекесі жақындағанда барлық туған-туыстар бір жаңырақ астында жиналып, уақытты қызықты өткізеді. Олар ют-нори, тухо-нори және чегичхаги сияқты ұлттық ойындарды ойнайды. Ют-нори – бұл ұлттық топтық үстел ойыны. Адамдар мұны ют деп аталатын 4 таяқ арқылы ойнайды. Ал тухо-норида ойыншылар екі топқа бөлініп, жебелерді құмыраға лақтырады.
Ең көп жебе салған топ жеңімпаз болады. Чегичхагидың қазақтың ләңгі ойынына ұқсастығы бар. Мұнда да аяғымен «ләңгіні» ең көп тепкен адам жеңімпаз атанады.
Сэбэ
Бұл – жаңа жылдың бірінші күні жасалатын сәлем. Дәстүр бойынша Сольнальда ерте тұрып, жастар корей ұлттық киімі ханбокты киіп, үлкендерге және ата-аналарына тағзым жасайды. Осылайша олар өздерін жаңа жылда жаңа өмірге дайындайды. Сэбэні ерлер мен әйелдер екі түрлі жасайды. Тағзым кезінде әйелдер оң қолын сол қолына қояды. Ал ерлер керісінше сол қолын оң қолына қояды. Кейін ақырын отырып, тағзым етеді.
Былтыр карантинге дейін Корей мәдени орталығы Сольнальды дәстүрлі форматта атап өткен болатын.
Сольналь – бұл отбасылық мереке. Айтулы мерекеге орай жақын туыстар әулеттегі жасы үлкен кісінің үйіне жиналады. Олар жаңа, таза киімдерін киіп, ата-бабаларына, үлкендерге тағзым етіп, бір-біріне жаңажылдық тілектерін айтады. Сондай-ақ, ерте тұрып, ттоккук ұлттық тағамын ішеді. Бұл күні ұлттық тағамды ішкен адамның өмірі бір жылға ұзарды деген мағынаны білдіреді, - дейді орталық директоры Ли Херан ханым.Сольналь да жыл мезгілінің өзгеруін білдіреді. Яғни қыс аяқталып, көктемнің келгендігін көрсетеді. Бұл қазақтың Наурыз мейрамына ұқсайды.
Айта кетейік, биыл Корей мәдени орталығы Сольнальды тек онлайн форматта өткізді. Орталықтың ресми сайтында түрлі бағдарламалар орналастырған. Атап айтсақ, Сольналь туралы ақпарат, Сольналь әні, түрлі шеберлік сағаттарының видеолары. Мысалы, корей ұлттық киімі ханбок түріндегі кәдесый кілттерін жасау және сәндік қағаздан дәстүрлі «Комучин» аяқ киімін жасауға арналған нұсқаулықты көруге болады.
Еске сала кетейік, 2020 жылы Сольнальды орталықпен бірге шамамен 400-тен астам астаналық атап өтті. Олар корей ұлттық ойындарын ойнап, ттоккуктан дәм татты, ұлттық биін билеп, ән айтты.
Елордада Корей мәдени орталығының жұмыс істеп тұрғанына 10 жылдан асты. Былтыр орталық 10 жылдығын атап өтті. Бұл - Азиядағы жалғыз орталық. Мәдени орталық қазақстандықтарды корей мәдениетімен, ұлттық дәстүрімен таныстыру мақсатында құрылған.