Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының жоғары санатты әртісі Жанар Мақашева театрға келетін көрермендер саны көбейіп келе жатқанын ерекше атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде өнер саласы өте жылдам дамып келеді. Мысалы, мен 2002 жылдан бастап театр саласында еңбек етіп келемін. Яғни 17 жасымнан бастап театрда ойнаймын. Ол кездері халық театрға барып, қойылымдарды тамашалайтын. Бірақ қызығушылық айтарлықтай жоғары болмады. Ал қазір байқауымша, көрермендер театрға қызығушылықпен келеді, - дейді әртіс.
Ол көрермендерде 1-2 ай бұрынғы репертуардағы қойылымдарға билет алып қоятын мәдениет қалыптасқанын атап өтті.
Бұрын Мәскеуде халық қойылымдарға жарты жыл бұрын билет алатыны туралы естіп, таңданатынмын. Қазір бұл үдеріс бізге де келді. Адамдар өнерге қызығушылықпен қарайды. Әсіресе, халықтың театр өнеріне деген құрметі қуантады. Театр өнері осындай қарқынмен дами берсе, жетер жетістігіміз алда деп ойлаймын, - деп айтты Жанар Мақашева.
Еске сала кетсек, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттаған болатын. Марапатталғандар қатарында Жанар Мақашева да бар. Ол бүгін “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды.
Соңғы жылдары өнер саласына, өнерді дәріптеп жүрген азаматтарға көзқарас оң бағытта дамып келеді. Мысалы, театрларға ерекше мәртебе беріліп, ғимараттарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимараттар алдында балаларға арналған алаңдар салынып жатыр. Бұл кішкентай бүлдіршіндерді өнерге баулудың бір түрі екенін көрсетеді, - деді театр әртісі.
Ол бүгін Мемлекет басшысының қолынан марапатының жауапкершілігі жоғары екенін айтты.