Қордайда 50 шақты имам қазақ тілін үйренді

29 Наурыз 2021, 09:34
1898
Бөлісу:
Қордайда 50 шақты имам қазақ тілін үйренді

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында былтыр тіл саясатын жүзеге асыруға жергілікті қазынадан 157 043 мың теңге шамасында қаражат бөлініпті. Бұл сома еліміздегі осы бағыттағы 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында бекітілген жоспарға сәйкес толық игерілген.

Бұл туралы өңірдегі әкімдіктің Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова айтты. Оның сөзінше, аймақ тұрғындарының тілдік ахуалына өткен жылы жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 92 %-ға жуықтайтынын көрсеткен. Ал қазақ тілінде еркін сөйлейтін, оқитын және жаза алатын халықтың үлесі 70 %-дан асыпты. Орыс тілін меңгерген тұрғындардың үлесі – 93,5 %, ағылшын тілін білетіндер 28 %-ға жақындайды. Үш тілді меңгергендер 28 %-дың шамасында. 

Әрбір тоқсан сайын өңірдегі тілдік ахуалды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жасалады. Былтырғы қорытынды мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі шығыс құжаттарының үлес салмағы 99,2 %-ды құрайтынын байқатты. Алайда, аймақтағы банк жүйесі мен құқық қорғау органдарында іс құжаттарының басым бөлігі орыс тілінде жүргізіледі, - деді Рахия Сейтбекқызы. 

Ол қазіргі таңда үш тіл бойынша барлығы 3 512 тыңдаушы тегін оқу курстарымен қамтылғанын айтты. Мемлекеттік тілді оқытудан 2 385 тыңдаушы арнайы курстан өткен екен. Оның ішінде 159-ы мемлекеттік қызметші болса, 1 343-і бюджеттік сала қызметкерлері, 628-і әртүрлі саланың мамандары, 255 студент бар. Бұлардың 94 %-ға жуығын өзге ұлт өкілдері құрайды. 

Сондай-ақ, орыс тілін оқу курстарына 288 тыңдаушы, ағылшын тілін үйрету курстарына 839 тыңдаушы қатысты. Қордай ауданы аумағында жыл басында жасақталған 74 топта 1000-ға тарта тыңдаушы білім алуда. Олардың ұлттық құрамын тарқатып айтатын болсам, 7 қазақ, 894 дүнген, 61 орыс, 16 қырғыз, 7 өзбек, 4 әзербайжан, 2 қарашай, 2 ұйғыр, 1 кәріс пен 1 татар бар. Бүгінде 358 тыңдаушы курсты аяқтап, 637 адам тегін оқу курсын жалғастырып жатыр, - деп атап өтті басқарма басшысы. 

Жауапты маман, сонымен қатар Қордай ауданындағы Сортөбе, Масаншы, Ауқатты ауылдарында орналасқан мешіттердегі өзге ұлт өкілдерінен тағайындалған 50 шақты имамға мемлекеттік тілді оқыту курсы былтырғы маусымнан бастап ұйымдастырылғанын жеткізді. Өткен жылы онда жергілікті биліктің қолдауымен Тілдерді оқыту орталығы да ашылыпты. Онда өзге этностардан 142 адам ана тілімізді оқуда. Оның 35-і әзербайжан ұлтынан болса, 60-ы дүнгендер, 19-ы күрдтер екен. 16-сы балқар ұлтының өкілдері болса, 12-сі қырғыз бауырларымыз. 

Қазақ тілін тілдесу арқылы үйрету, қазақ тілінде ойын еркін жеткізе білуге жағдай жасау мақсатында өңірдегі барлық ауданда TedX форматында жүргізілетін «SÓILE» клубтары құрылды. Жыл ішінде «SOILE» клубтың 97 отырысы өтіп, 1600-ден аса өзге ұлт өкілі мемлекеттік тілде еркін сөйлеуге үйрететін тілдік ортаға тартылды. Карантин жағдайына байланысты Тілдерді оқыту орталығының әлеуметтік парақшаларында уақытты тиімді пайдалану үшін #Бізбіргеміз, #Үйдеболайық хештегтерімен, «QazONLINE» айдарымен қазақ тілін тез үйренуге бағытталған 40 сабақ орналастырылды. Сонымен қатар ағылшын тілін онлайн үйрететін 50 сабақ жарияланды, - деді Тұрмаханбетова 

Ол өзі жетекшілік ететін басқарманың әлеуметтік желіде бұдан өзге 3 жобаны жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді. Олар «Tarazlatyn», «Сауаттылық Time» және «Мен қазақша сөйлеймін» челлендждері екен. Осының ішінде «Tarazlatyn» ақпараттық инстапарақшасына латын графикасының емле ережелерін түсіндіретін 107 жазба жарияланса, оқу дағдысын қалыптастыру үшін латын қаріптерімен ғұламалардың қанатты сөздері ұсынылған. #Abai 175 хештегімен парақшаға салынған Абайдың 45 қара сөзі де оқырмандардың қызығушылығын тудырыпты. 

«Сауаттылық Time» жобасы бойынша да қазақ тіліндегі терминдер мен сөз тіркестерінің, көне, ескі кітаби сөздердің дұрыс жазылу емлесін көрсететін 222 сөз жарияланған. Сол сияқты, «Тілге құрмет – елге құрмет» ұранымен «Мен қазақша сөйлеймін» челленджі аясында да әлеуметтік желіде өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін үйрену тарихы баяндалған. Ұлы ақын Абай шығармаларынан үзінді оқитын 559 бейнероликтің орналасуы 200 мыңнан астам адамның көруіне сеп болған. 

Қазақ тілін қарапайым деңгейде үйренуге арналған 16 сабақтан тұратын «QazOnline» мобильдік қосымшасы әзірленіп, аудандар мен Тараз қаласында таныстырылымы өтті. Бұл қосымшаны кез келген ауыл, қала тұрғыны «Play Market» қосымшасы арқылы ұялы телефондарына жүктеп алып, пайдалануына болады. Тағы да айта кетерлігі, мемлекеттік бағдарлама аясында қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау үшін «Қазтест» жүйесімен тестілеуге 1 105 адам қатысты. Оның 109-ы сертификаттық түріндегі сынақтан өтсе, мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы 996 қызметкер диагностикалық тестілеуден өтті. Алғашқысының ішіндегі 69-ы мемлекеттік қызметші, 35-і Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері, 3-уі «Болашақ» стипендиясына үміткер екен, қалған 2-уі Тілдерді оқыту орталығының қызметкері, - деді Рахия Сейтбекқызы. 

Басқарма басшысының сөзіне сенсек, Жамбыл облысында қазақ тілін меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі 48 %-ды құрапты. Яғни, былтырғы көрсеткіштен 28 %-ға артық. 

Рахия Тұрмаханбетова аймақта тіл саясатын насихаттау, дарынды жастарға қолдау көрсету мақсатында әртүрлі форматтағы 309 іс-шара ұйымдастырылғанын да алға тартты. Олардың ішінде брифингтер, кездесулер, семинар-тренингтер, азаматтарды онлайн қабылдаулар, әдістемелік семинарлар, акциялар, конференциялар, комиссия отырыстары, мүшәйралар, онлайн байқаулар, қоғамдық талқылаулар, көшпелі семинарлар, «SÓILE» және «RELAX AND LEARN» клубтарының отырыстары, онлайн интеллектуалды ойындар мен «дөңгелек үстел» отырыстары, әдеби кештер мен байқаулар, олимпиада, челендж сынды заманаи жиындар да бар. Мұның барлығына 55 000-ға жуық адам тартылыпты. 

Үш тілді меңгерген жастар арасында «Тіл шебері», «Хакім Абай» байқаулары және «Тілдарын» олимпиадасы, этнос өкілдері арасында өткен «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы», «Мемлекеттік тіл – еліміздің тұғырлы тірегі», «Тіл – өркениеттің белгісі» тақырыптарындағы «дөңгелек үстел» отырыстары және қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдері арасында «Абай оқулары», «Мемлекеттік тіл – менің тілім» челендждері, «Өзім туралы» эссе жазу акциялары көпшіліктің ыстық ықыласын туғызды. Жас ақындар мен жыршы-термешілер арасында өткен «Текті сөздің төресі – терме», Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы мен «Тілім – тұғырым» атты жыр мүшәйрасы да руханиятымыздың көшін бір табан ілгерілетті деп ойлаймын, - деді Жамбыл облысындағы тіл саласының жетекшісі. 

Жауапты маман былтыр ономастика саласында біріздендіру мен үйлестіру жұмыстары жалғасын тапқанын әңгімеледі. Республикалық ономастика комиссиясына 1 нысанға, 94 көшеге атау беру және қайта атау ұсынылып, оң шешімін тауыпты. Жамбыл облыстық ономастика комиссиясының отырыстарында 1 елді мекен мен 86 көшеге атау беру, оларды қайта атау, транскрипциясын нақтылау бойынша ұсыныстар қаралып, оң қорытынды берілген. Сонымен бірге өңірдің ономастикалық электронды базасы жасақталып, жұмыс жүргізуде. 

Біздің басқарма мен жергілікті кәсіпкерлер палатасы арасында көрнекі ақпарат саласындағы ынтымақтастықты дамыту және өзара түсіністікке ықпал ету жөніндегі Меморандумға қол қойылғанын ісіміздің бір жемісі деп білемін. Бұл орайда, көрнекі ақпаратты мемлекеттік тіл нормаларына сәйкестендіру шаралары да тұрақты ұйымдастырылады. Әлеуметтік жоба аясында Қоғамдық тіл инспекциясының іргесін қалағанбыз. Онда тіл жанашырларын тарта отырып, жыл ішінде 36 мыңға тарта көрнекі ақпарат құралдарын зерделедік. Нәтижесінде 3 177 кемшілікті түзеттік, - дейді Рахия Сейтбекқызы.




Өзгелердің жаңалығы