Көпқабатты үйлердің сыртын сапасыз бояған мердігер, олқылықты өзі жөндейді

26 Сәуір 2023, 14:15
857
Бөлісу:
Көпқабатты үйлердің сыртын сапасыз бояған мердігер, олқылықты өзі жөндейді
Фото: автордан

Өткен жылы облыс орталығындағы 11 көпқабатты үйді түрлі түске бояу жұмыстары сапасыз жүргізілген, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Салдарынан, қабырғалардағы бояу үгітіліп, түсіп қалған. Енді мердігер ұйым олқылықтарды өз қаражаты есебінен жоюы тиіс.

Павлодар қалалық сәулет бөлімінің сектор меңгерушісі Асхат Бейсеновтің айтуынша, өткен жылы көпқабатты баспаналарды бояу ауа райы суық кезде жүргізілген. Салдарынан бірқатар олқылық анықталды. Тұрғындар тарапынан да шағымдар түскен.

Былтырғы жылғы бояу жұмыстарынан соң ақаулар белгілі болды. Үйлердің сылақтары үгітіліп, құлап кетті. Бұл мәселе мердігердің кепілдік міндеттемелері шеңберінде шешілетін болады. Жұмысты сапалы жүргізу үшін ауа райы тұрақталуы керек, яғни, нөлден жоғары температура қалыптасуы шарт. Сонымен қатар бояу жақсы сіңуі үшін нысандардың қабырғалары жылынуы керек. Кейін қайта сырланатын болады, - дейді Асхат Бейсенов.

Мамандардың айтуынша, баспаналардың сыртын сырлау – заман талабы. Оған қоса, қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру үшін қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алу өткен жылы басталған.

Биыл түрлі түсті үйлер облыс орталығына қарасты Мойылды және Кенжекөл ауылдарында да пайда болады. Бұл елді мекнедерде алты көпқабатты нысан жаңа кейіпке енбек. Қазіргі уақытта конкурстық процедуралар жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бояу жұмыстары тек ғимараттың сыртқы бөлігінде жүргізіледі. Ал ішкі жағын сырлау тұрғындардың жауапкершілігінде.

Өзгелердің жаңалығы