Көпбалалыларды үймен қамту бойынша алдыңғы қатардамыз – ШҚО әкімі

19 Шілде 2021, 20:20
2193
Бөлісу:
Көпбалалыларды үймен қамту бойынша алдыңғы қатардамыз – ШҚО әкімі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы мәлімдемені Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, облыстағы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мәселелері әрқашан басты назарда.

Бүгін біз облыстық комиссия мүшелерімен жарты жылдықтың қорытындысын шығарып, алда атқарылуы керек бірқатар міндетті белгіледік. Көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету қарқыны бойынша біз республикада алдыңғы қатардамыз. Осындай 18 мың отбасының 9 мыңы баспанаға қол жеткізді. 875 отбасы өз ісін ашуға грант алды. Көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға «Жанұя» қолдау орталығы үлкен көмек көрсетіп келеді, – дейді ол.

Онымен қоса қазіргі таңда Семей және Өскемен қалаларында да аталған проблемалар бойынша көпбалалы жанұяларға қолдау көрсету жұмыстары белсенді жүріп жатқанын хабарлады.

Балалар мектепте тегін тамақтанады және мектеп формасымен қамтамасыз етілген. Мұндай отбасылардың студент жасындағы балалары жоғары оқу орындары мен колледждерде грантпен оқиды. Ата-аналар мектепке дейінгі мекемелерде балалардың тамағына ақша төлемейді. Пандемия кезінде қашықтан оқыту үшін 2 мыңға жуық отбасыға қосымша компьютер берілді, – деді облыс басшысы.

Оның сөзінше, 2 мыңға жуық балаға жазғы демалыс лагерлерінің тегін жолдамасы үлестіріледі. Өскеменде кәсіпкерлердің қолдауымен «Шаңырақ» картасы жобасы іске қосылады. Көпбалалы отбасылар дүкендерге, дәріханаларға, медициналық мекемелерге және т.б. жерлерге барғанда жеңілдік жұмыстары көрсетіледі.

Аймақта көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін мемлекеттік қызметтер мен гранттар алуға арналған нұсқаулық әзірленгенін айрықша атап өткім келеді. Бұл – қызмет алудың жолын көрсететін алгоритм. Оны жасауға бастамашыл болған өзіміздің көпбалалы аналар. Бұл нұсқаулық көптеген отбасының жеке кәсіп ашуларына көмек көрсетіп келеді, - деді ол.

Сонымен қатар ол көпбалалы отбасылардың медициналық көмек көрсету қызметінің маңызын атап өтті.

Мен Денсаулық сақтау басқармасына осындай отбасылардан шыққан балаларды дәрі-дәрмекпен, уақтылы көмекпен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мәселелерін егжей-тегжейлі қарауды тапсырдым. Келесі кеңесті біз тамыз айында өткіземіз және онда мектептерде көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан оқушыларды тамақпен қамтамасыз ету мәселесі қаралады. Бұдан бөлек қала мен аудан әкімдері көпбалалы және аз қамтылған отбасылар арасында тұрғын үй сертификаттарын бөлу жұмысын ұйымдастыруы тиіс. Осыған байланысты, тұрғын үйді бөлу жөніндегі әр комиссияға міндетті түрде көпбалалы аналар кіруі тиіс, – деді Даниал Ахметов.

Өзгелердің жаңалығы