Көпбалалы аналарға қосымша ауыртпалық түсіріп отыр. Депутат Үкіметке ұсыныс жасады

17 Ақпан 2021, 11:29
5221
Бөлісу:
Көпбалалы аналарға қосымша ауыртпалық түсіріп отыр. Депутат Үкіметке ұсыныс жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

Ол Үкіметтен әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардан тұрғылықты мекен жай сұрауды талап етпеу керектігін ұсынды.

Әлеуметтік қамқорлыққа мұқтаж жандар мемлекеттен тиісті әлеуметтік көмек алатын кезде түрлі қиындықтарға тап болып отыр. «Әлеуметтік-еңбек саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызмет стандарттарына» сәйкес, кейбір көмектер мен жәрдемақыларды алу үшін азаматтардан тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы құжат талап етіледі. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін бір жерде тіркеуде 6 ай тұру керек. Әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар негізінен жағдайы төмен отбасы мүшелері екені белгілі. Олардың көбісінің басында үйі жоқ. Сол себепті белгілі бір жерде ұзақ мерзімде тіркеуге тұруға мүмкіндіктері болмайды, - дейді депутат.

Оның айтуынша, сондықтан ондай адамдар таныстарына, туыстарына, тіпті бөтен адамдарға жүгініп, ай сайын ақша төлеп тіркелуге мәжбүр болады.

Олар өз үйі болмағандықтан, тұрғылықты жерін де жиі ауыстырады. Ал түрлі себептермен олар тіркеуден шығып, басқа мекен жай бойынша тіркелгеннен кейін әлеуметтік көмектен 6 айға қағылады.
Бұл жағдай онсыз да қиналып отырған көпбалалы аналарға қосымша ауыртпалық түсіріп отыр. Ал енді мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау үшін азаматтарға тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгені туралы талаптар қойылады. Уақытша тіркеу әлеуметтік жәрдемақы тағайындауға жарамайды. Егер мұқтаж жандардың жеке меншігінде үйі болмаса, тұрғылықты тұратын жері жоқ болса, сонда бұл азаматтар әлеуметтік көмекті қалай алады? - деді Әлия Әбсеметова.

Ол сол себепті, баспанасы жоқ көпбалалы аналар мен мүгедек баланы тәрбиелеп отырған азаматтар, мүгедектер, т.б мұқтаж жандарды Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрақты және уақытша тіркеуге тұрғызу мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы