Көпбалалы анаға берілетін жәрдемақыны ресімдеу үшін ХҚКО-ға жүгінудің қажеті жоқ

10 Қараша 2022, 12:25
813
Бөлісу:
Көпбалалы анаға берілетін жәрдемақыны ресімдеу үшін ХҚКО-ға жүгінудің қажеті жоқ

1 қарашадағы жағдай бойынша қазақстандықтарға әлеуметтік-еңбек саласының түрлі мемлекеттік көрсетілетін қызметтері  ішінен 898 мыңы проактивті форматта көрсетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өткен жылмен салыстырғанда проактивті әдісті пайдаланғандар саны екі есе өсті.

Бүгінгі таңда әлеуметтік-еңбек саласындағы 22 мемлекеттік көрсетілетін қызмет проактивті форматта көрсетілуде. Олардың ішінде қызмет алушылар арасында ең танымал қызметтер мыналар:

  • жұмыссыздарды тіркеу (309 мың);
  • бала тууға және бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау (174,6 мың);
  • бала бір жасқа толғанға дейінгі оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау (145,9 мың);
  • инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасы мен зейнетақы жинақтарының сомасы (мемлекеттік кепілдік) арасындағы айырманы төлеу (98,6,6 мың);
  • мүгедектікті және/немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау (43,9 мың).

Қызмет көрсетудің проактивті форматы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Мысалы, белгілі бір өмірлік жағдай туындаған жағдайда азамат қызметті алу мүмкіндігі туралы SMS хабарлама алады. Оған оң жауап беру арқылы тұлға осы көрсетілетін қызметті алушыға айналады және барлық қажетті рәсімдер автоматты түрде жүзеге асырылады.

Мысалы, қазір әйел адамдарға көпбалалы анаға берілетін жәрдемақыны ресімдеу кезінде ХҚКО-ға жүгінудің қажеті жоқ. Төртінші бала дүниеге келгеннен кейін SMS-хабарлама келеді, оған оң жауап бере отырып, ол көпбалалы аналарға арналған жәрдемақыны ресімдеуге келісім береді. Бұдан әрі  ақпараттық жүйе жәрдемақы тағайындау туралы өтінішті автоматты түрде қалыптастырады. Ең бастысы ол үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу керек, сонда жүйеге хабарламаны қайда жіберу керектігі белгілі болады. Бүгінгі таңда 28 мыңнан астам адам көпбалалы аналарға берілетін әлеуметтік жәрдемақыны проактивті форматта ресімдеді. Сондай-ақ, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен мараппатталған әйелдерге ҚР Президентінің Жарлығына қол қойылғаннан кейін жәрдемақыны ресімдеу үшін SMS-хабарлама келеді. Бүгінгі таңда 6 мыңға жуық адам жәрдемақының бұл түрін проактивті форматта алуда, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Сонымен қатар бірқатар басқа қызметтерді түрлендіру және жеңілдету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мысалы, бұрын денсаулығынан айырылған азаматтар мүгедектікті белгілеу, сондай-ақ оңалтудың техникалық құралдары мен жәрдемақыларды алу үшін төрт түрлі мекемеге: емханаға, медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне, ХҚКО мен әкімдікке жүгінуге мәжбүр болды.

Енді өтініш беруші тек тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінеді, ал қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді. Қазірдің өзінде 44 мыңнан астам азаматқа мүгедектік проактивті түрде белгіленді.

Мүгедектік белгіленгеннен кейін өтініш беруші техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін алу үшін тек SMS-хабарламаға жауап беруі керек. Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес оған жүктелген шаралар туралы ақпарат автоматты түрде Әлеуметтік қызметтер порталына жіберілетін болады. Бүгінгі таңда 50 мыңнан астам азамат техникалық құралдар мен әлеуметтік қызметтерді проактивті түрде ресімдеді.

Сонымен қатар биылғы жылдың қазан айында қайтыс болған адамды жерлеуге біржолғы төлем тағайындау бойынша проактивті мемлекеттік көрсетілетін қызмет іске қосылды. Зейнетақы немесе жәрдемақы алып жүрген адам қайтыс болған жағдайда, оны жерлеген туыстарына ақпараттық жүйеде қайтыс болған адаммен туыстық қатынастары расталған кезде жерлеуге біржолғы төлем бойынша қызметті проактивті форматта алуға SMS-хабарлама келеді, – деп хабарлады Ербол Оспанов.

Өзгелердің жаңалығы