Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Конституцияның жаңа жобасы құқықтық сананы жаңғыртуға бағытталған – профессор

Бөлісу:
 кейіпкердің жеке мұрағаты
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа жобасында мемлекеттік билік тармақтарына, адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормалар едәуір жетілдірілгенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Конституцияның Преамбуласында Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің тарихи сабақтастығы, Әділетті Қазақстанды құру мақсаты, сондай-ақ оны орнықтырудағы Заң мен тәртіп қағидаттары айқын көрініс тапқан. Сонымен қатар табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау, ғылым мен инновацияны дамыту, мәдениет пен адам құқықтарын құрметтеу сияқты құндылықтарды бекітетін маңызды принциптер енгізілген.

Конституциядағы «Адам және азамат» бөліміне енгізілген өзгерістердің «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп қайта аталуы азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыруға оң әсер етеді. Жалпы алғанда, Конституция жобасындағы өзгерістер еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, мемлекеттік биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және адам құқықтарын қорғауға бағытталған, - дейді сарапшы.

Жамаладен Ибрагимов Ата заңның жаңа жобасы еліміздегі құқықтық жаңғыртудың нақты көрінісі екенін айтады. Атап айтқанда, вице-президент лауазымының енгізілуі мемлекеттік биліктің тұрақтылығын сақтауға және саяси биліктің ауысу кезеңдеріндегі сабақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Ал Құрылтай депутаттарының пропорционалды сайлау жүйесі арқылы сайлануы партиялардың бағдарламалық сапасын арттырып, олардың институционалдық жауапкершілігін күшейтеді. Сонымен бірге Халық Кеңесінің құрылуы өңір тұрғындарының мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтіп, ел бірлігі мен тұтастығын нығайтуға ықпал етпек.

Профессор Халық Кеңесінің заң жобаларын ұсыну құқығы болатынын, алайда бұл органның Құрылтайдың заң шығарушылық қызметіне араласпайтынын атап өтті. Себебі заң шығару - жоғары кәсібилікті және терең құқықтық білімді талап ететін ерекше мемлекеттік құзырет.

Конституциялық жобада адам және азаматтардың табиғи құқықтарын бекіту, адвокат қызметін конституциялық деңгейге көтеру, сондай-ақ «Миранда» қағидатын Ата заң баптарына енгізу құқықтық реформаның түбегейлі жетістігі ретінде бағаланды. Бұл қадамдар Қазақстанның әлемдік құқықтық даму үрдістеріндегі озық стандарттарды қабылдауына мүмкіндік береді, - деп түсіндірді сарапшы.

Жамаладен Ибрагимовтің айтуынша, егер Конституция жобасына енгізілген нормалар халықтық референдумда қолдау тапса, бұл болашақ Құрылтайдың ықпалын арттырып, адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға кепілдік береді. Сонымен қатар мемлекет пен жеке тұлға арасындағы өзара жауапкершілік нақты бекітіледі.

Өзгелердің жаңалығы