Мәжіліс отырысында «Ауыл» партиясы фракциясының депутаты Ерболат Саурықов еліміздің жаңа Конституциясының жобасына қатысты ойын айтты. Ол фракция мен партияның барлық өңірлік филиалдарында және саяси кеңес отырысында Конституция жобасын жан-жақты талқылағанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біздің партия жаңа Конституция жобасына толық әрі бірауыздан қолдау білдіреді, – деді депутат.
Ол қоғамда таралып жатқан кейбір жалған ақпаратқа, әсіресе жерді шетелдіктерге сатуға қатысты қате пікірлерге түсініктеме берді.
Жерге, жер қойнауына, суға, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне қатысты негізгі тұжырымдар Жаңа Конституция жобасында өзгеріссіз қалды, – деп нақтылады Саурықов.
Ол мемлекеттің тұтастығы мен унитарлығының Конституцияның бастапқы бөлімдерінде ерекше құқықтық мәнге ие екенін атап өтті.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның бүкіл аумағын бөлінбейтін, қолсұғылмайтын, мемлекет қорғауындағы біртұтас кеңістік ретінде анықтайды.
Мемлекеттің тәуелсіздігі, унитарлығы мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар ретінде айқын бекітіледі, – деді ол.
Саурықов жаңа Конституцияның стратегиялық бағыттарына да тоқталды. Оның айтуынша, құжат адами капиталды дамытуға ерекше мән береді.
Қазақстан Республикасы адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияларды дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде мойындайды, – деп нақтылады депутат.
Оның сөзінше, бұл шешім қазіргі заманауи әлемдегі экономикалық, әлеуметтік және технологиялық өзгерістерді ескере отырып, елдің білім экономикасы мен зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Ғылым мен технологиялық прогресс жаңа нарықтар қалыптастырады, инвестициялар тартып, халықтың әл-ауқатын арттырады, – деді Саурықов.
Үшінші маңызды жаңашылдық – «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі, ол ел мен өңірлердің экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Депутат бұл режимнің инвестициялық тартымдылықты арттырып, ірі экономикалық жобаларды жедел іске асыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Осы норма ел аумағының унитарлығын, тұтастығын және қолсұғылмаушылығын бұзбайды. Арнаулы құқықтық режимдер Конституция шеңберінде жұмыс істейді, экономикалық икемділік пен мемлекеттік мүдде арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді, – деп қорытындылады Саурықов.
Депутаттың пікірінше, жаңа Конституция қоғамның сұраныстары мен мемлекеттің стратегиялық мүдделеріне сай келетін, теңдестірілген, заманауи және ұзақ мерзімді дамуға бағдарланған басты құжат.