Конституциялық сот жұмысқа қайта орналасуға қатысты маңызды норманы өзгертті

Енді құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлері жұмысқа қайта орналасу дауы бойынша сотқа бір жыл ішінде жүгіне алады.

 istockphoto Бүгiн 2026, 11:08
Бүгiн 2026, 11:08
242
Фото: istockphoto

Қазақстанның Конституциялық соты жұмысқа қайта орналастыру және сот шешімдерін қайта қарау мәселелері бойынша азаматтардың сот арқылы қорғану құқығын шектейтін нормаларды Конституцияға қайшы деп таныды.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Конституциялық сотына Еңбек кодексінің 160-бабы 5-бөлігінің бірінші және екінші абзацтарының, сондай-ақ Азаматтық процестік кодекстің 455-бабының 2 және 3-бөліктерінің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы азаматтардың өтініштері түскен.

Өтініштің мәні

Бірінші жағдайда азамат қызметтік тексеру материалдары негізінде ішкі істер органдарындағы қызметінен босатылған.

Соттар Еңбек кодексіндегі аталған нормаларда белгіленген сотқа жүгіну мерзімінің өтіп кеткеніне сілтеме жасап, оны жұмысқа қайта орналастыру туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Бұл ретте құқық қорғау органдарындағы еңбек қатынастарының ерекшеліктері ескерілмеген.

Кейін қылмыстық іс бойынша жүргізілген сот талқылауы барысында оның қызметтік тәртіпті бұзғаны расталмаған. Алайда қолданыстағы Азаматтық процестік кодекс нормалары оған жұмысқа қайта орналастыру туралы шешімді қайта қарауды талап етуге мүмкіндік бермейді.

Екінші жағдайда өтініш беруші де аталған процессуалдық нормаларды тексеруді сұраған. Оның пікірінше, бұл нормалар бір-біріне қайшы келетін сот актілерінің қатар қолданылуына жол беріп, сот арқылы қорғану құқығын шектейді.

Сот азаматтық іс бойынша шығарылған шешімді қайта қараудан бас тартып, мамандандырылған әкімшілік соттың шешімі мұндай қайта қарауға негіз бола алмайтынын көрсеткен.

Конституциялық соттың ұстанымы

Тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық сот даулы Азаматтық процестік кодекс нормалары жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қараудың жалпы қағидатын бұзатынын атап өтті.

Соның салдарынан заңды күшіне енген басқа бір сот актісі бұрынғы шешімнің негізіне алынған мән-жайларды жоққа шығарған жағдайда, азаматтар өз құқықтарын қорғау мүмкіндігінен айырылып отыр.

Сот Еңбек кодексі мен Азаматтық процестік кодекстегі даулы нормалар азаматтардың тиімді сот арқылы қорғану құқығын шектейтінін мойындады.

Конституциялық соттың қорытындылары

Қорытынды шешімінде Конституциялық сот тексерілген нормаларды Конституцияға сәйкес емес деп танып, мынадай қаулы шығарды:

Еңбек заңнамасына тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлерін жұмысқа қайта орналастыруға қатысты даулар бойынша сотқа жүгінудің бір жылдық мерзімі қолданылуға тиіс.

Сондай-ақ заңнамаға өзгерістер енгізілгенге дейін азаматтық істер бойынша шешімдерді жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау кезінде Азаматтық процестік кодекстің 455-бабының 1-бөлігі басшылыққа алынуы керек.

Онда:

Бұрын сотқа белгісіз болған және істі дұрыс шешу үшін елеулі мәнге ие заңдық фактілер шешімді қайта қарауға негіз болып табылады, – деп көрсетілген.

Конституциялық соттың нормативтік қаулысының толық мәтінімен тиісті сілтеме арқылы танысуға болады.

Наверх