Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Констутициялық сот нақты мәселелер бойынша қарайды және ол адам құқығымен байланысты болмақ.
Бұл туралы БҰҰ адам құқығы жөніндегі комитеттің экс-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Сәрсембаев тілдесу кезінеде айтты.
Оның айтуынша, қазір Конституциялық кеңес Конституциялық сот болып қайта қаралып жатыр. Бұған дейін де Конституциялық сот болған, енді соған қайтып келіп жатырмыз.
Конституциялық сот адам құқықтарымен айналысады. Өйткені алғаш құрылғанда қызметі сондай болған. Конституциялық сот елдегі адам құқығын қорғауға септігін тигізеді. Бұл тұрғыдан алға ілгерілеу бар. Одан бөлек, азаматтар да Конституциялық сотқа жүгіне алады. Ал, Конституциялық кеңеске азаматтар жүгіне алмайтын, оған тек депутаттар мен судьялар жүгінетін, оның өзінде қандайда бір заң нормасы шеңберінде. Бір сөзбен айтқанда Конституциялық Кеңес жалпы мәселені көтеретін, ал Констутициялық сот нақты мәселелер бойынша қарайды және ол адам құқығымен байланысты болмақ,-дейді М. Сәрсембаев.
Сонымен қатар ол Президент Жолдауында айтылған сайлау жүйесіне қатысты ойын білдірді.
Сайлау жүйесіне қатысты Президент мажоритарлық жүйе – 30 пайыз, ал пропорциялық жүйеде 70 пайыз болатынын айтқан. Пропорциялық жүйе дегеніміз саяси партиялардың тізімі бойынша өткізілетін сайлау, яғни партиялар арасындағы сайлау. Ал, мажоритарлық жүйе – қандайда бір белсенді адамның өз үміткерлігін ұсынуы, немесе партия, топтар үміткер ретінде шығаруы мүмкін. Яғни халық атынан шығатын адамдар. 1992 жылға дейін мұндай жүйе бізде болған. Кейін біз тек партия желісімен сайланатын жүйеге көштік, - деді ол.
Профессордың ойынша, келешекте халықтың мажоритарлық жүйемен сайлауға түсу белсенділігі арта түспек.
Бізде адамдардың көбі партияда мүшелікте жоқ, сондықтан пропорциялық және мажоритарлық жүйенің бөлінісін 50-50 немесе 60-40 пайызды етіп жасауға болады. Өйткені партияда мүшелікте тұрған адамдар елдегі қарапайым адамдарға қарағанда анағұрлым аз. Бұл мәселеде халық басымдыққа ие және тікелей сайлауға түсуге мүмкіндігі болу керек. Қазіргі бастама соған әкеледі деп ойламын, яғни уақыт өте партия атынан сайлауға түсетіндер қатары азая береді,-деді ол.