Қазақстанның Конституциялық соты жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін өкілеттік мерзімдеріне қатысты шектеулердің қалай қолданылатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұған Президенттің Конституциялық сотқа жолдаған өтініші негіз болды. Ол 1995 жылғы Конституция кезеңінде мемлекеттік лауазымдарды атқарған тұлғалардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін сол немесе соған ұқсас лауазымдарға қайта сайлануы немесе тағайындалуы мүмкін бе деген мәселеге ресми түсіндірме беруді сұраған.
Конституциялық сот 2026 жылғы 1 шілдеге дейінгі атқарылған өкілеттік мерзімдері есепке алынбайды деген қорытындыға келді.
Аталған конституциялық нормаларда белгіленген шектеулерді қолдану мақсатында мұндай тұлғалардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті лауазымдарға сайлануы немесе тағайындалуы бірінші рет сайлану немесе тағайындалу деп қарастырылады, – делінген Конституциялық Соттың ресми түсіндірмесінде.
Сот жаңа Конституцияда көзделген шектеулер тек ол күшіне енгеннен кейін болатын тағайындаулар мен сайлауларға ғана қолданылатынын түсіндірді.
Сонымен қатар, Конституциялық сот қолданыстағы Конституцияда тиісті лауазымдарда болған мерзімдерді, сондай-ақ 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңде сайлану немесе тағайындалу фактілерін есепке алу көзделмегенін ерекше атап өтті.
1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңде адамның аталған лауазымдардың бірін атқару фактісінің өзі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес оның тиісті лауазымға сайлануына немесе тағайындалуына Конституцияда көзделген конституциялық-құқықтық кедергі болып табылмайды, – делінген сот шешімінде.