Конкурсқа қатыстым, нәтиже жоқ. Елордада жас мұғалім жұмыс таппай жүр

12 Қазан 2023, 11:39
4018
Бөлісу:
Конкурсқа қатыстым, нәтиже жоқ. Елордада жас мұғалім жұмыс таппай жүр
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Соңғы жылдары мұғалім мамандығына мемлекет көп көңіл бөліп жатыр. Педагогтердің мәртебесін көтеретін заң қабылданды. Жалақы өсіп, ұстаздардың әл-ауқаты жақсарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Анар Кәкімжанова тарих пәнінің мұғалімі. Жасы 25-те.

Жас мұғалімнен педагог мамандығының қыр-сырын сұрап, елімізде қабылданып жатқан реформалар жайлы ойын білдік.

- Алдымен өзіңіз жайлы қысқаша тоқталып өтсеңіз...

Көкшетау өңірінің тумасымын. Мамандығым – тарих пәнінің мұғалімі.

2013-2017 жылдары Көкшетау қаласы Біржан сал атындағы музыкалық колледжде «Оркестр дирижері» мамандығы бойынша оқыдым.

Кішкентай кезімде мұғалім рөлінде ойын ойнағанды жақсы көретінмін. Кейін колледжде оқып жүргенде тарихқа қызығушылығым ашыла бастады. Сөйтіп музыкалық колледжді аяқтағаннан кейін 2017-2021 жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетте тарих мамандығы бойынша білім алдым. Осылайша өзімнің таңдаған бағытым бойынша тарих пәнінің мұғалімі болып шықтым. Негізі әулетімізде екі әпкем мұғалім болып жұмыс істейді.

Қазір еңбек өтілім 2 жыл. Бірақ дәл қазір өкінішке қарай, жұмыссыз отырмын.

- Мұғалім деген кім? Мұғалім қандай болуы керек?

Мұғалім - мектептің жүрегі, ол оқушылар үлгі тұтар тұлға. Қазір мұғалім тек өз саласының білікті маманы болып қана қоймай, жан-жақты болуы керек. Мұғалім әмбебап - яғни, көшбасшы, психолог, интеллигент, теуекелшіл, рухани бай адам болу керек деп ойлаймын.

Тағы да қосарым, мұғалім өзіне сенімді болуы тиіс. Ал сенімділік өз сабағын жетік білгенде ғана пайда болады. Қазіргі кезде оқушылар өте талапшыл және олар да психолог. Егер мұғалім сенімсіз сөйлеп, өзін еркін ұстамаса, онда оқушыларды бір тәртіпте ұстап, тапсырмаларды уақытында орындата алмайсың. Сондықтан біздің саламызда өзіне сенімді маман болу аса маңызды.

- Өзіңіздің педагогикалық тәжірибеңіз жайлы айта кетсеңіз, сабақты қалай ұйымдастырасыз?

Қазіргі жаңартылған білім бойынша ұстаз оқушыға тек бағыт-бағдар ғана көрсетеді, ал оқушы өзі ізденумен айналысады. Соған орай қазіргі кезде тарих сабағын бұрынғыдай мазмұндау әдісімен өткізе алмайсың.

Мен өз сабағымда көбінесе бейнематериалдар, суреттер қолданғанды жақсы көремін. Бейнематериал көрсетіп, тақырыпты ашып, ақпарат алсақ, содан кейін кесте, анализ жасау арқылы тақырыпты бекітеміз. Сабақтың басында қойылған оқу мақсатына міндетті түрде сабақ соңында жетуіміз керек.

- Қазір неге жұмыссыз қалдыңыз? Бос орын табылмай жатыр ма?

Мен осы жылы жазда Көкшетау қаласынан осында, елордаға көшіп келдім. Көкшетауда үздік мектеп гимназиясында жұмыс істедім. Астана қаласына көшіп келгеннен кейін үлкен қалада, елордамызда жұмыссыз қаламын деген ой мүлдем болған жоқ. Жаз айларынан бастап, бос орындар қарай бастадым. Вакансия жоқ емес, бар. Бірақ көп мектепте орыс тілді мұғалім қажет. Мен орысша білмеймін емес, білемін. Алайда бұл тарих сабағы, оны толығырақ айтып жеткізу керек. Сол себепті маған өз ана тілімде сабақ беру ыңғайлы, еркін болады. Ал сол орыс сыныптарына барсақ, көбі өзіміздің қазақтың балалары.

Бірнеше мектепке құжат тапсырдым, нәтижесіз.

- Жас мұғалім мен зейнет жасындағы не зейнетке жақындаған мұғалімдердің айырмашылығы неде деп ойлайсыз?

Мектептерде сағат жетіспейді. Бір мұғалімге 16-18 сағат жүктеме болу керек деген заң шықса да, мектепте көп сағат ұстап отыратын мұғалімдер баршылық.

Кейбір жерде зейнетке шыққан мұғалімдердің өзі орнын босатпай, жастарға жол бермей отырғандары да бар. Жастар не дегенмен креативті, заманауи идеямен ерекшеленеді деп ойлаймын.

- Білім саласына енгізілген өзгерістер көңіліңізден шыға ма? Мысалы, жұмысқа қабылдау бойынша педагогтердің конкурсы. Мұндай конкурстар ашық өте ме?

Осылан 2-3 жыл бұрын мектепке мұғалімдерді конкурс арқылы қабылдау туралы заң шықты. Жақсы, оған да көндік. Мүмкін оның да жақсы жақтары бар шығар. Десе де жас мамандарға конкурс арқылы жұмысқа орналасу өте қиын. Мысалы, мен шынын айтайын, 5-6 мектепке конкурсқа қатысып, құжат жинадым. Енді құжат жинау туралы айтайын. Әр конкурсқа құжат жинауға кемінде 4 000 теңге кетеді. Оның ішінде папка, фото, барлық құжаттың көшірмесі, іс қағаз және т.б. бар. Тіпті мен бір мектепке екі рет конкурсқа қатыстым, соның өзінде құжатты қайтадан жинау керек екен. Бұған дейін осы мектептің конкурсына қатысқанда тапсырған құжаттарымды қабылдамады.

Содан кейін конкурс басталады. Тест тапсырасың, ал оны 15 күннен аса уақыт күтесің. Бірақ нәтижесін «сіз өтпедіңіз» деп, жай ғана сөзбен айта салады. Мысалы, мен жас маман болсам да, педагог-модератормын, қызыл диплом, бірнеше диплом-грамотам бар, журналда шыққан жарияланымдарым да бар.

№57 бұйрық бойынша құжат жинағанда арасында бағалау парағы болады. Яғни мұғалімдердің жетістіктері, білімі, жұмыс өтілі, барлығы балмен есептеледі. Ол жерде мен өзімді бағалағанда 20 балдан 18,5 балл шығады. Ал жұмыс өтілі бірнеше жыл болған мұғалімдер әрине көп балл жинайды. Сонда жастар қалай конкурстан өтуі керек?! Конкурсқа жүгіріп қатысамыз, ал соңында қалай тексерілді, кім комиссияда болды, қандай талаптармен қаралды, не себепті өткен жоқпыз, жеңген адам кім, неше балл алға шықты, жеңіске әділ жолмен жетті ме - ол әрине жұмбақ күйінде қалады. Конкурс нәтижесін ашық түрде көрсету керек деп ойлаймын. Кесте арқылы ма, қандай талаптарға сай болды, неше балл озып шықты - соның барлығы көрсетілуі керек деп есептеймін. Барлығы ашық түрде болғаны дұрыс.

- Қазіргі балалардың оқуға қызығушылығы төмен дейді. Оны қалай көтеруге болады? Сабақты қалай қызықты өткізу керек?

Қазіргі оқушылардың оқуға деген қызығушылығы төмен деп айта алмаймын. Бұл тағы да мұғалімге байланысты. Әрине әр сыныпта бір-екі бала болады, соның өзінде оқушыларды мадақтау, мақтау арқылы қызығушылығын оятуға болады. Әр сабақты әртүрлі, қызықты етіп өткізсе, оқушылар сабаққа қуана қатысады. Оқушыларға өз ойларын қосуға, олардың ұсыныстарын тыңдауға мүмкіндік беру керек.

- Мұғалімдердің жалақысы көңілден шыға ма?

Мұғалімдердің алатын жалақысы жақсы деп ойлаймын. Көбі «мұғалімдердің айлығы көп» деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл ой қате. Себебі мұғалімдер артығымен жұмыс істеп жатыр. Мектептен үйге келген соң тағы жұмыс істейді. Келесі күнгі сабаққа дайындалады. Күні бойы «сабақты қалай өткізсем екен» деп жаңа идеяларды ойлап, үнемі ізденісте жүреді. Бұл - оңай емес. Сол себепті мұғалімдер алатын жалақыларын толығымен ақтап жатыр.

- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын.

Өзгелердің жаңалығы