"Көңіл қуантады". Әшімбаев халық санының өсуі жайында

20 Ақпан 2024, 11:59
666
Бөлісу:
"Көңіл қуантады". Әшімбаев халық санының өсуі жайында
Фото: Артём Чурсинов - архив

Бұл туралы Сенатта демографиялық өсу тақырыбына арналған Үкімет сағатында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда Қазақстанда халық санының өсу қарқыны көңіл қуантады. Былтыр қараша айында елімізде халық саны 20 миллионға жеткені белгілі. Шын мәнінде, демографиялық өсу – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі тетігі. Осыған орай Президентіміздің тапсырмаларын орындау аясында Көші-қон саясаты және Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамалары қабылданды. Бұл құжаттар еңбек мобильділігін дамытуға, сапалы инфрақұрылымды қалыптастыруға және азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталып отыр, - деді Мәулен Әшімбаев.

Әшімбаев 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының жобасына да бірқатар нақты шаралар енгізілетінін, енді мемлекеттік жоспардың аясында оның сапалы іске асуын қамтамасыз етуіміз керегін айтты.

Елімізде халық санының үштен бірі жастар. Орташа жас деңгейі – 32 жас. Қазіргі таңда мемлекет бала тууды ынталандыруға арналған әлеуметтік міндеттемелерді жоспарлы түрде іске асырып келеді. Көпбалалы отбасыларға ай сайынғы жәрдемақылар мен арнайы жәрдемақылар да төленеді. Президентіміздің тапсырмасы бойынша биыл «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске асырыла бастады. Халық саны өскен сайын тиісті деңгейде орта және жоғары білім беру, сондай-ақ, медицина жүйесін дамыту қажет екені түсінікті. Уақыт өткен сайын біздің азаматтардың өмір сүру ұзақтығы да артып келеді. Бұл да оң үрдістердің бірі. Ұлттық статистиканың деректеріне сәйкес, 1991 жылдан бастап өмір сүру ұзақтығы 6,8 жылға артқан. 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 74,4 жас болды, - деді Сенат төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы