Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енді, деп хабарлайды Жамбыл облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Осыған орай, Жамбыл облысының орталығында «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты халықаралық көрме өтті.
Маңызды шара алдында аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов Мәдениет және спорт министрлігі туризм және индустрия комитетінің төрағасы Дастан Рыспековты және аталған көрмеге өз қолөнершілерін бастап келген Азия және Тынық мұхиты аймағы қолөнершілер кеңесінің вице-президенті Азиз Мұртазаевты, Қырғыз Республикасы Президентінің іс басқармасына қарасты қолөнершілер кеңесінің бас директоры Эльдар Аптоқұловты, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлиеваны қабылдады.
Тараз – екі мың жылдан астам тарихы бар ежелгі қала. Алайда, бүгінгі таңда заманға сай түрленіп, жаңарып отыр. Біз сіздермен осындай ерекше сәтте кездескенімізге қуаныштымыз. Тараз қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізіміне енгізілуі – үлкен мәртебе, - деді Нұржан Молдиярұлы.
Мұнан соң Мәдениет және спорт министрлігі туризм және индустрия комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков сөз сөйлеп, Тараз қаласы еліміз бойынша аталған тізімге енгізілген бірінші қале екенін айтып, жамбылдықтарды құттықтады. Сондай-ақ, сырт елдерден келген өзге қонақтар да сөз алып, пікірлерін ортаға салды. Өздеріне көрсеткен құрметі үшін облыс басшылығына алғысын білдірді.
Жиынды облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қорытындылап, қонақтарға алғысын айтып, сыйлықтар ұсынды.
Таразға Үндістаннан да шеберлер келді
Осы күні «Көне Тараз» мәдени-тарихи кешенінде халықаралық қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды. Оған әлемнің бірнеше елінен кесте тігіп, ою ойған, темірден түйін түйген шеберлер қатысты.
Олардың өнерлі қолдарынан шыққан бұйымдар тез арада саудаға түсіп, сатылып кетіп жатты. Түркия, Голандия, Үндістан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Қырғыз мемлекеттерінен және бірқатар басқа да елдерден келген қолөнердің үздіктері сан алуан бұйымдарымен көрменің көркін қыздырды. Мұнда қойылған қолөнер бұйымдарын тамашалап, саудалап жүргендер жеткілікті.
Мәселен, түркиялық Адым Асик деген шебер былғарыдан жасалған бұйымдарымен ерекшеленсе, Үндістаннан келген шебер Анкар Шагон мен Арора Хайдарали кестелі орамалдарымен ел назарын аударды. Бір орамалдың бағасы – 30 АҚШ доллары немесе 14 мың теңге. Біз бұл жерден Аружан Әбдіхалық, Албина Жұлдызбекқызы, Айша Ермахан секілді Тараздағы «Аспара» сән колледжінде оқитын студент қыздарымыздың аудармашы болып қызмет жасап жүргеніне қуандық. Шетелдіктермен сөйлесіп, тілге келуімізге де өзіміздің студент қыздар тілмаштық жасап, көмектесіп жүрді.
Голландиялық шеберлердің таза былғарыдан жасалған ер және әйел сөмкелерінің бағасы 100-130 мың теңге көлемінде. Оны да қызығып сатып алушылар табылып жатты.
Ерлі -зайыпты шеберлер Шүлей Рахымов пен Зухра Облобердиев Өзбекстанның Бұқара облысынан келіпті. Әкелген ескерткіш заттарының бағасы – 1 мың теңге мен 20 мың теңге аралығында. Зухра Облобердиев – Германия мен Белгияда өткен халықаралық көрмелерге қатысқан қолөнер шебері. Өзбекстанның мемлекеттік «Достық» орденінің иегері. Өзбекстанның Сухандария облысынан келген сән дизайнерлері Малика Подшаева, Зухра Бишманова, самарқандтық қолөнер шебері Мұхтасар Мамбетвалиева алып келген тақия, қолғап, аяқ киім, балалар аяқ киімінің де саудасы қызды.
Тәжікстандық шебер Ибрахим Мырзозода сиырдың мүйізінен жасалған ескерткіш заттарымен көзге түсті. Ұсталық аталарынан ұзақ жылдар бойы мұра болып келе жатыр.
Көршілес Қырғыз елінен келген қолөнер майталманы Гүлзипа Рахманқұлованың қолынан шыққан қалпақ, тақия, шахмат тақтасы, белдік, былғары сөмке, құрақтарды да саудалап, сатып алушылар аз болмады.
Аталған көрмені Мәдениет және спорт министрлігі туризм және индустрия комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков және Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бірге аралап, бұйымдардың сапасына және саудалану барысына назар аударды. Оларды әкімдіктің туризм басқармасының басшысы Біржан Мықтыбеков пен сән дизайнері, аталған көрмені ұйымдастырушылардың бірі Айдархан Қалиев жұмыс барысымен таныстырды.
Отандық өнім – олжамыз
Бұл көрмеге еліміздің бірқатар облыстарынан да қолөнершілер шақырылды. Мәселен, келген қонақтардың назарын қызылордалық Бекзат Жақыповтың құмыра ыдыстары, Жансара Бөлегенованың оюлы текеметі аударды.
«Сырдарияның жағасындағы қырық үйден құралған ауылдан келдім. Кәсібіміз – осы қолөнер. Бар өнерімізді салып жасаған бұйымдарымызды саудаға саламыз», - дейді Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі Ж.Бөлегенова.
Астаналық Жанар Қошаева жастық, бөстек, қыз жасауы, түрлі моншақтарды өз қолымен тіге береді. Тіпті, қасына Медина Жұмәділдә атты шәкіртін ертіп әкеліпті. Шәкіртін де тігін ісіне баулып жүр.
Моншақтың неше түрін өзім дайындай беремін, - дейді Медина Жұмәділдә.
Тараздық кәсіпкер Сәуле Рысбаеваның төрт тілге аударылып жазылған анықтамалары бар ескерткіш заттары, бес тіл қамтылған кітаптары да қонақтардың назарын аударды. Тараздық Рахат Сапаралиеваның қолынан шыққан бұйымдарды да тамашалаушылар жақсы баға берді.
Тараздағы «Нақты көмек» қоғамдық бірлестігінің мүшелері әзірлеген бұйымдар да жақсы бағаға өтіп жатыр. Қолөнер шебері Гүлжазира Құдайбергенова мұнда бірнеше шәкіртінің бұйымдарын әкегенін, олардың көпшілігі мүмкіндігі шектеулі жандар екенін айтты.
Түркістан облысынан келген шебер Дәурен Міншарипов өзі қолымен жасаған қобызымен Астанадан келген қонақтардың алдында ойнап берді. Ұста бұл қобыздың құнын 450 мың теңгеден кем болмайтынын жеткізді.
Түркістандық шебер Қалмырза Тасовтың күміс алқалары да – өтімді тауар. Таза күмістен құйылып жасалған алқаның құны – 250 мың теңге. Шымкент қаласынан келген ұста Абдулла Наурызбаев ақбөкендерді бейнелеген үлкен ескерткіш 100 мың теңгеге бағалаймын деді. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» атты жұмысы 80 мың теңгеден кем емес.
Жетісу облысынан келген «Алтын адам» шеберлер орталығының бұйымдары да көздің жауын алады. Аталған орталық жетекшілері Динара Бәкірова, Айжан Тілепбекова жұмыстарын таныстырып өтті. Ер-тұрман, ат әбзелдері жиынтығы – 200 мың теңгеден 650 мың теңге аралығында.
Алматы облысынан келген қолөнер шебері Жеңіскүл Дәулетова аяқкиімдер, қыз жасауын әкеліпті. Мүйізден жасалған сәндік заттар 150 мың теңгеден бағаланатынын айтты. Ал Алматы қаласынан келген зергер Рыскелді Мұсаевтың зергерлік бұйымдары – 15 мың теңгеден 450 мың теңге аралығында.
Мұнан соң өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында «Тараз –қолөнершілер қаласы» атты баспасөз мәслихаты өтті. Бұл жиынға Мәдениет және спорт министрлігі туризм және индустрия комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков және Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Азия және Тынық мұхиты аймағы қолөнершілер кеңесінің вице-президенті Азиз Мұртазаев, Қазақстан Қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлиева қатысып, өтіп жатқан халықаралық көрменің барысы жайлы ойларын ортаға салды.
Халықаралық қолөнершілер кеңесі Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнерші қалалар тізіміне қосты. Осы жетістікпен сіздерді құттықтаймын. Енді тараздық қолөнер шеберлері де әлемдік деңгейдегі майталмандармен тәжірибе алмаса алады. Өздерінің мүмкіндіктерін де шетелге көрсететін болады, - деді комитет төрағасы Дастан Рысбеков.
Аймақ әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі 1964 жылы Белгияда тіркелгенін еске салды.
Содан бері кеңеске 59 қала тіркелген. Оның ішінде Өзбекстанның – 4, Қырғыз елінің 1 қаласы бар. Қазақстаннан тұңғыш рет Тараз қаласы осы мәртебесі жоғары кеңестің тізіміне еніп отыр. Бұл – алдағы үлкен мүмкіндіктерге жол ашылды деген сөз, – деді спикер.
Сондай-ақ, олар БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Мұнан соң «Көне Тараз» кешеніндегі амфитеатрда сырт елдерден және өзге облыстардан келген қонақтарға арнап, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілері концерт ұсынды. Осы концерттен соң Тараз қаласының Дүниежүізілік қолөнершілер қаласының тізіміне енгізілгені туралы мәлімет ресми түрде жарияланды.
Бұл – бірнеше мыңжылдық тарихы бар Тараз шаһары үшін үлкен жетістік.