Қонаевқа Тұрар Рысқұлов қамқорлық танытқан

8 Маусым 2021, 11:21
6573
Бөлісу:
Қонаевқа Тұрар Рысқұлов қамқорлық танытқан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Келесі жылы ұлт перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл толады. Ғұмырын шын мәнінде халық мүддесін түгендеуге арнаған арда азаматтың ізі ел жадында өшпестей болып қалған. Ол уақыт озған сайын жаңғыра береді.

Димаштың көзін көргендер, шапағатын сезінгендер, тағылымына қаныққандар арамызда әлі бар. Солардың бірі – Жамбыл облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері, санаулы ғана Қонаев төсбелгісінің иегері Нәрейім Сейдуалиев. Сексеннің төртеуіне келсе де сыры кетпеген қарияның қимылы ширақ, бойы жинақы, ойы мен сөзі – қазына. Кешегі дәуірде партияда ұзақ жылдар қызмет еткен ақсақал тәуелсіздігімізге тәубе дейді, ұрпағының өсіп-өнуіне тілеулес. Тараз қаласындағы Қонаев қорының ғимаратындағы аз-кем әңгімемізде ақтарыла сөйледі, замандасы туралы құнды деректерді де алға тартты.

- Дінмұхамед Қонаев туралы әңгіме айту – жеңіл әрі қиын. Жеңіл дейтінім, сол кісінің көзін көріп, батасын алып, партияда, комсомолда қатарласа жұмыс істедік. Мен сол шаруаға жиырма бес жылымды арнадым. Тұп-тура Димекеңнің кезінде сол кісінің батасымен қызметке келдім.

Димаш Ахметұлы – өткен ғасырдың екінші жартысының ұлы тұлғасы. Ол тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл дүниежүзіндегі ұлы тұлғалардың қатарындағы ғұлама ғалым, саясаткер, мемлекет қайраткері. Оны дүниежүзі халықтары да солай деп біледі.

Мен ол кезде Жамбыл облыстық партия комитетінде еңбек ететін едім. Димекең республиканың бірінші хатшысы ретінде өңірге жыл сайын келіп, егін алқабын аралап, халықтың жағдайына қанығып, тыныс-тіршілігімен танысып, қариялармен, жастармен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесіп қайтатын. Сондай сәттерде біз де ұлы тұлғамен дидарласып, кездесіп, қолын алып, жылы сөзін еститінбіз. Ол кісінің кішіпейілділігі соншалықты, қызметінің жоғарылығына қарамай, бойы да екі метрге жуық, әжептәуір, әр қарапайым қызметкермен жеке-жеке амандасып, жағдайымызды сұрап, үй ішіміздің ахуалын сұрап, әлеуметтік жағдайымызға назар аударып, баспанамыздың бар-жоғын біліп отыратын. Сондай жылы шырай танытқан басшыға адамның жүрегі қайтып жылымайды? Ол сондай кісі еді, азаматтығы бөлек жан еді.

– Өзіңіз Дінмұхамед Қонаевпен жеке-дара ең алғаш қай кезде, қалай кездесіп едіңіз?

– 1980 жыл болатын. Жамбыл облыстық партия комитеті мені Меркі аудандық партия комитетінің хатшылығы қызметіне жіберді. Сол кездегі тәртіп бойынша аудандық комитеттің бірінші, екінші хатшылары Димекеңнің алдынан өтетін. Ол кісі бағыт-бағдарын беріп, жол сілтеп, батасын берген соң ғана қызметке кірісетін едік. Сондай сәтте мен оның бөлмесіне кірген қандай лауазымдағы адамның да алдынан шығып, орнынан тұрып сәлем беретінін көрдім. Бұл сондай есте қаларлық жағдай.

Тағы бір рет облыстық партия комитетінде қызмет етіп жүргенімде кездесіп едім. Сол тұста ауыл шаруашылығ қызметкерлерін жыл сайын арнайы орден-медальдармен марапаттайтын. Кезекті рет сол мәселемен мен айналысатын болдым. Марапатталатындардың барлық құжаттарын Мәскеуге алып барып, сонда бір айдай тұрақтап қалатын едік. Жинақталған, мақұлданған құжаттарды Жоғарғы кеңеске өткізіп барып, елге оралатынбыз. Сол жылдары Димаш Ахметұлына Социалистік Еңбек Ері атағының үшінші жұлдызын берді. Бұл қуанышты жаңалықты Мәскеуде жүргенде естідік. Қасымда Орталық комитеттің екі-үш маманы бар, марапаттау салтанаты Қазақстанның Мәскеудегі елшілігі ғимаратында болады дегенді естіп, сол жаққа бардық. Көмекшісінен рұқсатын алып, алдына кіріп қолын алып құттықтаған жағдайымыз бар. Көңілді кейіпте, кең қалыпта отыр екен, сонда да жағдайымызды ұмыт қалдырмай сұрап, кішіпейілділік танытты. Атқарған жұмыстарымызды қысқаша баяндап айтқан болдық...

Тағы бір кездесуіміз зейнеткерлікке шыққан соң Қонаевтың 70 жасқа толған мерейтойында, аймақтағы Талас ауданында болды. Онда да ел ахуалын зерделеп, көңілде жүрген көп дүниені ақтарып, пікірлескен болатынбыз.

– Ендігі әңгімемізде осы өзіміз отырған Қонаев қоры төңірегінде тарқатсақ. Менің білуімше, бұл қоғамдық ұйымның құрылуының басы-қасында өзіңіз де болдыңыз ғой?

– Қонаев халықаралық қорының филиалдары біздің Жамбыл облысында, содан соң, Түркістан облысында ғана бар. Басқа аймақтарда жоқ. Мен бұл қордың 2008 жылы мүшесі болдым. Сол жылдары арнайы жиын өткізіп, Марс Үркімбаевты қор директоры қызметіне сайладық. Өзі ғылым докторы, академик, барлық жағынан сауатты, көзі ашық азамат болатын. Ол кездегі қордың ардагерлері де белсенді болды, соғысқа қатысқан Арыстан Өтеулин, Досыбиев, Сандыбаев сынды қариялар қоғамдық шаруаларға белсене араласатын. Бұл іске Кеңес заманында жоғары қызметтерді атқарған Лидия Ахметова да өлшеусіз үлес қосты. Алайда, кейінірек Марс арамыздан мәңгілік сапарға аттанған соң, қор жұмысында біршама жылдар тоқырау орын алды.

2017 жылы қордың жұмысын қайта жандандырдық. Ол кезде қордың мүшелері, тәртібіне сай төралқасы болатын. Директорлыққа қазір де белсенді азаматтардың бірі Амангелді Карентаевты сайладық, орынбасары болып мен бекітілдім. Төралқа мүшелері Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бұрынғы бас редакторы болған, қаламгер Арғынбай Бекбосын, акадамек Өскенбай Мәдиев, журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы сынды замандастарым болды. Бұлардың біразы бүгінде арамызда жоқ, біршамасы қоғамға әлі қызмет етіп жүр. Содан соң Димаш Қонаевтың көзін көрген, партияда қызмет еткен 40-50 азаматтан қордың мүшелерін толықтырдық. Бұрынғы құрамнан қалғандары да бар. Осылайша жұмысты бастадық.

Тағы бір айтатын нәрсе, Қонаевтың ұлы тұлға екендігін, ғұлама болғандығын, сарабдал саясаткерлігін насихаттау басты мақсатымыз болды. Әсіресе, өскелең буынға, жастарға оның есімін таныту, жаңғырту, тағылымын сіңіру – айнымас мұратымыз еді. Сол себептен шаруаны өскелең ұрпақ білім нәрімен сусындайтын мектептен бастадық. Ол кезде өңірдегі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова болатын. Кісілігі мол, өте жақсы қызымыз. Соның көмегімен әр мектепке хат жолдап, Қонаев мұраларын танытуға, арнайы бұрыш ашуға ықпал еттік. Біршама мектептерге аяғымызбен барып, жиындар ұйымдастырдық, оқушылармен жүзбе-жүз кездестік. Қонаев туралы естеліктерден сыр шерттік. Ардагер-журналист Баттал Жаңабайұлы да бұл іске белсенді атсалысты. Бұларды кәдімгі тірі жұмыстар деуге болады.

Сол 2017 жылы тұлғаның туғанына 105 жыл толып жатқан. Біз мерейтойды өз деңгейінде атап өту жолдарын ақылдастық. Ойласа келе, мәні мен маңызы зор кітап шығаруды жөн көріп, әр ауданнан материалдар жинақтай бастадық. Димекеңді білетін, көзін көрген, шапағатын сезінген жандардың естеліктерін құрастырдық. Оларды белгілі журналист, қаламгер Тұрсынхан жинақтап, тәртіпке келтірді. Енді ол кітапты шығару үшін қаражат керек. Сондықтан бізге кәсіпкерлерді жағалауға тура келді. Қазіргі қордың директоры Әлімбек Жұмабаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова, Тараз кордиохирургиялық-трансплантологиялық орталығының директоры Сейтхан Жошыбаев сынды азаматтардан қаражат сұрадық. Қомақты қаражат жиыналды. Қордың мүшелері де шама-шарықтарынша үлес қосты. Сөйтіп екі кітап жарыққа шықты. Ол жинақтарды сол кездегі облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсен Бықыбаев ініміз кітапханаларға таратуға ықпал етті. Ол үшін оған алғыс айтамыз. Оның үлкен көмегі тиді, қаржылай да қолдау көрсетті. Мұны да үлкен жұмыс деп есептеймін.

– Нәрейім ата, Сіз айтқан Амангелді Карентаев ағамыздың Қонаев есімін іргемізде тұрған балалар кітапханасына беру үшін біршама тер төккенінен хабардармыз...

– Иә, дұрыс айтасың, бұл рухани орталыққа Қонаевтың есімін беру туралы сол тсұта республикаға, әкімдікке көптеген хаттар жазылған болатын. Алайда, шешімін таппай жүрген. Осы шаруаға Амангелді Карентаев білек сыбана кірісіп, Нұр-Сұлтан қаласына арнайы барған еді. Тиісті органдарға мәселені егжей-тегжейлі түсіндіріп, ақыры шешті. Көп ұзамай балалар кітапханасына Димаш Ахметұлы Қонаевтың есімі берілді. Бұл да біз қызмет еткен уақытта болған үлкен шаруа.

Амангелдінің тағы бір еңбегін айта кетейін. Ол кезде Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дәрия Қожамжарова еді. Оған да үлкен рахмет айтамын. А.Карентаев екеуміз сол кісіге барып, оқу орнында Қонаев есімін ұлықтау қажет екенін жеткіздік. Ол кісі шын пейілімен көмектесті. Институт ішінде қолға алынған «Ұлы тұлғалар» жобасы бар екен. Сол қатарға Димаш Ахметұлын қостық. Оған дейін әлгі ұлы тұлғалардың қатарында Қонаев болмаған екен. Содан соң студенттерге ұлт перзенті туралы да дәріс берілетін болды. Бұл да үлкен жұмыс дер едім. Оның үстіне, сол институттта Дарияның басқаруымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Алқалы жиынға Ташкент, Бішкек, Алматы қалаларынан белгілі ғалымдар, профессорлар келіп, баяндама жасады. Ол баяндамалардың негізінде де кітап жарық көрді. Сонда ғой Қонаев туралы тың деректерге қанықтық.

– Расында, Қонаевтың ашылмаған қырлары әлі де көп. Өйткені тұлғаны зерттеу-зерделеу жұмыстары көңілге қонбайды. Осы орайда, конференция барысында айтылған салмақты әңгімелердің біршамасын жеткізе кетсеңіз.

– Жаңа сөз басында ол кісі туралы айту жеңіл әрі ауыр дедім ғой. Ауыр дегенім сол, біз ол туралы әлі де көп дүниені білмейміз. Көп қыры ұрпаққа беймәлім. Ол кезде коммунистік тәртіп тұғырында еді, көп дүние айтыла бермейтін. Бір мысалды айтып берейін, көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің 1972 жылы үш кітабы шықты ғой, «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» деген. Тарихымыздың нағыз таразысы іспетті. Оған дейін біз, жастар, өз халқымыздың өткенінен ештеңе білмейтін едік. Несін жасырамыз? Мектепте Варашиловты, Буденныйды білетінбіз, Ленин мен Сталиннің бүкіл ғұмыры мен еңбегін жатқа соғамыз. Қазақтың мемлекеті де, тілі де, діні де болмаған деген сыңайдағы сыңаржақ идеолгиямен ғұмыр кешіп жүрдік. Сондай заман болды. Қазір оны ашық айтуға болады. Әлбетте, тәуелсіздігіміздің арқасында.

Сондай қиын-қыстау заманда Ілияс Есенберлиннің кітаптарын баспадан шығаруға мұрындық болған, тапсырма берген – Дінмұхамед Қонаев. Өйткені, Есенберлин екеуі Риддерде бірге жұмыс істеген. Жазушының оқыған-тоқыған мамандығы кен-металлургия инженері еді ғой, кейін қалам ұстаған. Содан соң Димекең ұлт тарихына қатысты аса жауапты шаруаны Ілиясқа сеніп, тапсырады. Сөйтіп «Көшпенділер» дүниеге келді. Жасыратын жоқ, бұ туынды революция болды. Күні-түні бір емес, он реттен қайталап оқып шықтық. Өйткені, ұлт руханиятына сусап жүрген буынбыз. Бабаларымыздың мемлекетімізді қалай қорғағандығынан бірнәрсе білгіміз келді. Қанша дегенмен, ол біздің кеудемізге патриоттық сезімді ұялатты.

...Қонаев көп дүние жасады. Біз білмейміз көбісін. Жоғарыдағы конференцияда бір ғалым сөйледі. Ізденісте жүрген кісі ғой, оның сөзіне құлақ түрсең, «Димаш комсомолдың жолдамасымен Мәскеуге жіберілген» деген біз білетін деректі дұрыс емес дейді. Димекең бозбала шағында қасында бір азаматпен Мәскеуге жол тартады. Пойыздан түскенімен, баратын тұрақтары, табан тірейтін мекендері жоқ, таңатқанша вокзалда ұйықтауды жөн көрген екен. Уақыттың қиын кезі ғой, аштық та жағадан алып тұрған шақ. Тұрар Рысқұлов сол кезде кездейсоқ вокзалға барып қалып, бұл балалардың қазақ екенін көріп, жанашырлығы ғой, мән-жай сұрасады. Ақыры екеуін тиісті орындарға жетелеп апарып, институтқа орналастырып, оқытып, қамқорлығына алған. Бұл да бір тың жаңалық біз біле бермейтін.

– Дінмұхамед Қонаевтың «АзиЯ» шығармасы үшін Олжас Сүлейменовке де ара түскені аңыз болып айтылады...

– Иә, қиын заман еді ғой. Кенесарының есімін атағаны үшін Ермұхан Бекмахановтың жиырма бес жылға сотталып кеткенінен-ақ біле беріңіз.  Соған қарамастан, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерді» жазуы үлкен тәуекел дер едім. Мысалы, Олжас Сүлейменовтің «АзиЯсы» жарыққа шыққан кезде ақынды Мәскеуге шақырып алып, таңертеңгі сағат тоғыздан кешкі тоғызға дейін кілең орыстың «сен тұр мен атайын» мықты академиктері талқанын шығарып сынаған ғой. Түкке тұрғысыз еңбек қылған. Олжасты «халық жауы» дегенге дейін барған. Михаил Суслов деген Орталық комитеттің бас идеологы, оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, «кітапты құрту керек, турару керек» деген. Сын сағатта Димекең КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Леонид Брежневке кіріп, кітапты оқып шығуын өтінген. Мен бұл әңгімені Олжастың өз аузынан естідім. Пленумға екі күн қалған, қазақ ақынын партиядан шығару керек, қудалау керек дегенге келіп қалған. Қонаев Бржневке телефон шалып «Кітапты оқып шықтыңыз ба? Ұлтқа қарсы дүниелер бар ма, антиматериалдар табылды ма?» дегенде, «Ештеңе де жоқ, кітап шыға берсін» депті...

Бұл айтуға ғана жеңіл, ойлап көрші қандай қиын ахуал. Брежнев бірнәрсе десе Қонаевың да, Олжастың да басы кетеді. Бұл – біздің білетініміз ғана, яғни шет жағасы. Ол кісінің елге, халыққа сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қаншама институт ашты, қанша қала салды. Қазақ халқына сіңірген еңбегі өте зор. Исмаил Юсупов бірінші хатшы болып тұрған кезде Мақтарал ауданын Өзбекстанға беріп жіберіп, оны қайтарып алды. Осы іспетті еңбектері ашып айтылмай жүр. Осының бәрі теледидардан, газеттен, радиодан жиі айтылып, жазылу керек.

– Нәрейім ата, жалпы, ұлт перзенті, мемлекет қайраткеріне деген тәуелсіз мемлекеттегі құрмет өз деңгейінде ме?

– Шындығына келгенде, осыдан он жыл бұрын өз деңгейінде емес еді. Туған күнінде, басқа да атаулы күндерде ескерткішіне гүл шоқтарын қоюға, құрмет көрсетуге жергілікті билік араласпай, жоламай жүрді. Кімнен, неден қорқады? Демократиялық елміз ғой, бірақ шенеуніктер жалтақтайды. Алайда, кейінгі кезде, қазір ашық наисхат жұмыстары бар. осы қор филиалының директоры Әлімбек Жұмабаев Қонаевтың үлкен ескерткішіне тапсырыс беріпті. Оған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев келіп, тастұғырды көріп, ақылдасқан. Демек, жергілікті билік араласып, құрмет танытуда, қолдау білдіруде.

Осыдан біргеше жыл бұоын халық мемлекеттің ақшасы керегі жоқ, ескерткішке өзіміз қаржы деген болатын. Өкініштісі, оған рұқсат берілмеген. Қазір берілді.

Енді, менің ойымша, тарихшылар, зертеушілер жұмыс істеуі керек. Біздің тарихымыз өте үлкен. Қытай, жоңғар шапқыншылықтары, Ресей отаршылдығы сынды көптеген зобалаңдарды бастан өткердік. «Бөліп ал да билей бер» деген саясатпен бір-бірімізге айдап салып, қырды да қойды. Сондай қиын күндерден кейін Димекең Қазақстанға барынша жағдай жасады. Мен 1955 жылы институтқа түстім. Әкем майдан даласында мерт болған. Артымнан келетін ақша жоқ. Сонда 42 сом стиендиямды киіміме де, тамағыма да жеткізу керек. Қонаевтың кезінде институт асханасында нан, шай, қантымен тегін берілді. Қанша жесең де өзің біл. Біздерге, жастарға үлкен көмек болды бұл. Сабақтан соң асханаға кіріп, тойып алатынбыз.

Сондай тұлғаның 105 жылдығында ақындар мүшайрасын ұйымдастырған едік. Енді, міне 110 жылдық мерейтойы келе жатыр екен. Үкімет дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді, үлкен дәрежеде өтеді деген сенімдемін. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің де, жергілікті биліктің де беті бері қарады. Б.Сапарбаевтың осында келіп, ескерткішке назар аударғанын үлкен сенім деп, ашықтық деп білемін.

– Әңгімеңізге рахмет! Аман жүріңіз, ата!

Өзгелердің жаңалығы