Композитор Мұратхан Егінбаевтың шығармашылығына арналған әншілер байқауы өтті

20 Желтоқсан 2022, 11:03
1239
Бөлісу:
Композитор Мұратхан Егінбаевтың шығармашылығына арналған әншілер байқауы өтті

Талдықорғанда І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында белгілі композитор Мұратхан Егінбаевтың шығармашылығына арналған ІІ республикалық «Сәйгүлік» әншілер байқауының гала концерті өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өнер бәйгесінің қорытынды шарасына Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысты.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, елімізге белгілі композитор Мұратхан Егінбаев ағамыздың өнер саласында еткен еңбегі мен төккен тері қандай құрметке де лайық. Қаншама жылдар бойы талантты шәкірттер тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз атанды. Әуенімен тыңдаушының бойына рух беріп, бабалардың есімдері мен ерліктерін әнге қосты. Өнер адамының мұраты ұлттық өнерді сақтау, бұрынғы мен қазіргі дәуірді жалғастыру болса, Мұратхан ағамызды сол жақсылардың жұрнағы деп білемін. Халықтың асыл мұрасына қылау түсірмей келе жатқан көнекөз композитор бүгінде 80 жастан асты. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Бүгінгі сайысқа қатысушы өнерпаздарға сәттілік серік болсын, - деді Б.Исабаев.

Байқауға қатысуға арнайы келген Астана, Алматы қалалары мен Абай, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Жетісу облыстарының өнерпаздары сазгердің әндерін орындап, бақ сынасты. Әншілерді Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі сүйемелдеді. Сол сияқты байқауға төрелік еткен қазылар алқасының құрамындағы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің ұстазы Махмұт Тойкенов пен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина да көпшілікке өз репертуарларындағы Мұратхан ағаның шығармаларынан ән-шашу тарту етті. Жалпы ән додасы барысында композитордың ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазған «Үш арыс», Сәкен Иманасовтың сөзіне жазған «Сәйгүлігім» және басқа да танымал әндері орындалды.  

Конкурс қорытындысында үш номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. «Дәстүрлі ән» номинациясында астаналық Баян Жұбанова, «Оркестрдің сүйемелдеуімен ән айту» аталымында Алматы қаласынан Есенгелді Рза Бас жүлдеге ие болды. Оларға 300 мың теңгенің сертификаты мен дипломдар табыс етілді. Ал астаналық әнші Майра Дәулетбек «Эстрада жанрында ән салу» номинациясында бас жүлдегер атанып, 250 мың теңгенің сертификаты мен арнайы диплом алды.

Бірінші орынды осы үш номинацияда тиісінше қарағандылық Шыңғыс Сәрсенбай,астаналық Кәмшат Тұрарбекова, Абай және Жетісу облыстарынан Қайсар Мұхтар мен Тілекбай Нағимбаев, жетісулық Асхат Мадиев алды.

Сол сияқты дәстүрлі әншілер Алматы облысынан Кенжекей Ақжолова, Алматы қаласынан Нұрболат Ұзақбай екінші орын, астаналық әншілер Сырым Мұхаметжан мен Бауыржан Марксов және жетісулық Сәбинұр Қаһарман үшінші орынға лайық деп танылды.

Сонымен бірге эстрада жанрында жетісулық Назия Исаева мен Гүлбану Лахаева ІІ және ІІІ орындарға табан тіреді. Оркестрдің көмегімен өнер көрсеткен астаналық Белал Қуаныш пен Қарағандыдан келген Гүлмира Тапай екінші орынды бөліссе, Астана қаласынан Мөлдір Смайл ІІІ орын иеленді.

Жеңімпаздардың бәріне ақшалай сыйлықтардың сертификаттары мен дипломдар, сондай-ақ бірқатар қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары тапсырылды. Барлық қатысушыларға композитор Мұратхан Егінбаевтың қолтаңбасы қойылған таңдамалы шығармаларының жинағы мен алғыс хаттар берілді, - деп хабарлады Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Мұратхан Егінбаев – белгілі сазгер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі. Оның қазақ мемлекеттілігі, Алаш ардақтылары, саяси қуғын-сүргін құрбандары тақырыбан арналған «Үш арыс», «Қаракерей Қабанбай», «Ақ қайың» т.б. әндері қоғам арасында үлкен серпіліс туғызған. Бүгінде М.Егінбаев еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері.    

Өзгелердің жаңалығы