Коммуналдық желілерді жаңғыртуға 822,6 млрд теңге: Қаражат қай өңірлерге жұмсалады?

25 Қараша 2026, 19:35
АВТОР
 Үкіметтің баспасөз қызметі 25 Қараша 2026, 19:35
25 Қараша 2026, 19:35
59
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қанат Бозымбаев ЭКСЖ ұлттық жобасын 2027 жылы жүзеге асыруға қатысты негізгі міндеттерді айқындады.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасының Жобалық кеңсесінің отырысы өтті. Жиында 2027 жылға арналған жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және отандық өндірушілердің қатысу мәселелері қаралды.

Келесі жылы жылу, электр және су құбыры желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасады. Жаңа және өтпелі жобалардың жалпы құны 822,6 млрд теңгені құрайды. Жүзеге асыруға 366 жоба дайын. Қаражатты ең белсенді игеріп жатқан өңірлер қатарында Жетісу, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары бар.

Қанат Бозымбаевтың тапсырмасымен тоғыз өңірдегі 135 жобаға мониторинг жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша сатып алу рәсімдерін жеңілдету, желілерінің тозу деңгейі жоғары коммуналдық кәсіпорындардың қатысуын кеңейту және шығындар негізді түрде ұлғайған жағдайда жобалардың құнын қайта қарауды көздеу ұсынылды.

Вице-премьер 15 желтоқсанға дейін тиісті түзетулерді дайындап, жыл соңына дейін Үкіметтің тиісті қаулысын қабылдауды тапсырды. Ұлттық экономика министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу комитетіне өңірлермен бірге түйткілді мәселелерді апта сайын қарау, ал жоба жетекшілеріне нысандарды толық пайдалануға берілгенге дейін сүйемелдеу жүктелді.

2027 жылы жеті өңірде: Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау және Атырау облыстарында электр желілерін реконструкциялау жоспарланған. Жобаларды жүзеге асыру үшін кабель өнімдері, электр тарату желілерінің бағаналары және басқа да жабдықтар қажет.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне отандық кәсіпорындар өндірісті алдын ала жоспарлай алуы үшін 1 қаңтарға дейін өңірлердің келесі жылға арналған материалдар мен жабдықтарға деген қажеттілігін жариялау тапсырылды.

Тапсырмалардың орындалуы желтоқсан айында өтетін Жобалық кеңсенің қорытынды отырысында қаралады.

Наверх