Қазақстанда табысы төмен отбасыларға тұрғын үй көмегін көрсету қағидалары жаңартылды. Мемлекеттік төлем коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді күтіп-ұстауға, күрделі жөндеуге және әкімдік ұсынған жалдамалы тұрғын үйдің жалдау ақысына жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеуге мүмкіндік береді. Тұрғын үй көмегі отбасының тұрғын үй мен коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығыны оның табысының белгіленген үлесінен асқан жағдайда тағайындалады.
2026 жылғы 10 шілдеден бастап жергілікті мәслихаттар бұл шекті отбасының жиынтық табысының 5–10%-ы аралығында белгілеуі тиіс. Бұған дейін заңнамада мұндай бірыңғай шек қарастырылмаған болатын. Төлем мөлшері бірлесіп қаржыландыру қағидаты бойынша есептеледі. Яғни отбасы белгіленген шекке дейінгі шығынды өзі төлейді, ал одан асқан бөлігін мемлекет өтейді.
Мысалы, егер отбасының ай сайынғы табысы 300 мың теңге болса және өңірде шек 10% болып белгіленсе, отбасы тұрғын үйге қатысты шығындардың 30 мың теңгесіне дейін өз қаражаты есебінен төлейді. Егер коммуналдық төлемдер мен басқа да шығындар 45 мың теңгені құраса, қалған 15 мың теңгені мемлекет өтейді.
Тағы бір мысал: ай сайынғы табысы 100 мың теңге болатын жалғыз тұратын зейнеткер үшін шек 5% болса, ол 5 мың теңгені өзі төлейді. Егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығын 20 мың теңгеге жетсе, мемлекет 15 мың теңгені өтейді.
Тұрғын үй көмегінің нақты мөлшері әрбір өтініш беруші үшін жеке есептеледі. Бұл ретте отбасының табысы, бірге тұратын адамдар саны, тұрғын үйдің аумағы, қолданыстағы коммуналдық тарифтер және басқа да көрсеткіштер ескеріледі. Сонымен қатар отбасы өзінің жалғыз баспанасында тұруы немесе әкімдік ұсынған мемлекеттік не жалдамалы тұрғын үйде тұруы міндетті шарттардың бірі болып табылады.
Тұрғын үй көмегін алу туралы өтінішті Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы немесе eGov порталы арқылы беруге болады. Өтінішті әр тоқсан сайын бір рет тапсыру қажет, ал төлем өтініш беруші көрсеткен банк шотына аударылады.